KZNEWS.KZ
Қоғам

Боқaевтың бұрынғы мобилографы сотта тың мәліметтер айтты

• Асқар Алтайұлы
Фото: Видеодан скрин алынды

Оның бұрынғы жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа Баума тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуі туралы резонансты видеоның қалай түсірілгенін баяндап, кейбір көріністердің алдын ала ұйымдастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Нүсіпқожаның айтуынша, түсірілім алдында оның жұмыс телефонына өзін жергілікті тұрғын ретінде таныстырған белгісіз адамнан хабарлама келген. Алайда мобилограф бұл хабарламаның Боқаевтың екінші телефонынан жіберілген болуы мүмкін екенін айтты.

Түнде Баума тоғайына барған Боқаев қолына шам алып, белгісіз адамдарды қуғандай әрекет жасаған. Бірақ Нүсіпқожа ешкімді көрмегенін және күдікті дыбыс естімегенін жеткізді.

Келесі күні түсірілімге өзін жергілікті тұрғындар ретінде таныстырған адамдар мен экобелсенділер қатысқан. Түнгі және күндізгі кадрлар бірнеше сағат ішінде монтаждалып, әлеуметтік желіде жарияланған.

Мобилограф тергеу кезінде Боқаевтың нұсқауымен жалған жауап бергенін және WhatsApp-тағы хат алмасуларды өшіргенін де мойындады. Оның сөзінше, бұрынғы жұмыс берушісі қаржылай көмек көрсетуге уәде бергенімен, кейін қолдау тоқтаған.

Осыдан кейін Нүсіпқожа адвокатын ауыстырып, өзіне тағылған айыптарды мойындауға шешім қабылдаған.

Сотта Боқаев бұрынғы қызметкерінің жауабына күмән келтіріп, оған қысым жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Алайда Нүсіпқожа мұны жоққа шығарды.

«Сен мені заңсыз істерге араластырмауың керек еді», – деді ол бұрынғы жұмыс берушісіне.

Айта кетейік, Санжар Боқаевқа ағаштарды заңсыз кесу, ұрлық және көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты айыптар тағылған. Оның қорғаушылары айыптаулармен келіспейді.

Нүсіпқожаның мәлімдемелері әзірге сотта тексеріліп жатқан жауаптар болып саналады. Іс бойынша түпкілікті шешім шығарылған жоқ.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →