Елімізде өндіріліп, экспортқа шығарылатын CPC Blend мұнайының тамыздағы жөнелтілімі бастапқы жоспармен салыстырғанда шамамен үштен бірге қысқаруы мүмкін.
Бұған Новороссийск маңындағы терминал жұмысының дрон шабуылдарынан бірнеше рет тоқтауы себеп болып отыр. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлады.
Дерек бойынша, бүгінде Қара теңізден Жерорта теңізіне мұнай тасымалдайтын танкерлердің тәуліктік табысы 440 948 АҚШ долларына дейін жеткен. Bloomberg мәліметінше, бұл 2008 жылдан бергі Baltic Exchange деректеріндегі ең жоғары көрсеткіш екен. Яғни, шілде айындағы шабуылдардан бері тасымал құны 140 пайызға өскен.
Осылайша, тасымал мен сақтандыру шығынының қымбаттауы CPC Blend мұнайының бағасына да әсер етті. 12-тамызда TotalEnergies 90 мың тонна CPC Blend мұнайын Dated Brent бағасынан барреліне 4,60 доллар шамасында төмен бағамен сатып алды. Бұл 2025 жылғы қаңтардан бергі ең төменгі деңгей.
Сондай-ақ, халықаралық Энергетика агенттігі де өткен айда CPC Blend пен Dated Brent маркалы мұнайдың арасындағы айырманың төмендегенін атап өтті. Агенттік мәліметінше, Қара теңіздегі әскери тәуекелдерге байланысты сақтандыру сыйақысы шамамен екі есеге өскен.
Сонымен бірге, Украина мен АҚШ келіссөздерінен кейін Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлер мен CPC инфрақұрылымына соққы жасамауға келіскені туралы хабарланды.
Тоқетерін айтқанда, тамыздағы мұнай саудасына қатысты негізгі көрсеткіштер үш мәселеге тіреліп отыр. Ол қатарда экспорт көлемінің қысқаруы, тасымал құнының өсуі және CPC Blend бағасының төмендеуі бар.