Блогер Сәбит Рысбаев әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық жетекші телеарналардың қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz. Оның айтуынша, бұрын «Хабар» мен «Қазақстан» ұлттық арнасының арасында шынайы бәсеке болған.
Блогердің сөзінше, сол кезде «Хабарды» Берік Уәли, ал Ұлттық арнаны Ләззат Танысбай басқарған кезеңде екі арна да қызықты жобалар ұсынып, көрерменнің назарын өзіне аударып отырған. Тіпті танымал журналистердің бір арнадан екінші арнаға ауысуы да көрермен үшін қызық тақырыпқа айналатын.
Ал қазір, блогердің пікірінше, екі арнаның да бұрынғы қарқыны байқалмайды. Бағдарламалар азайып, көрермен қызығатын жобалар сирегенін айтады.
Сәбит Рысбаев қазіргі таңда өзі көбіне «Qazsport» арнасын қарайтынын айтып, қалған арналар бұрынғыдай қызық болмай қалғанын жеткізді.
Блогердің бұл жазбасы әлеуметтік желіде талқыланып, кейбір қолданушылар да қазақстандық телеарналардың қазіргі контентіне қатысты өз пікірлерін білдірді.