Блэкаут: Қырғызстандағы апат Қазақстанның энергетикалық жүйесін істен шығарды ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Блэкаут: Қырғызстандағы апат Қазақстанның энергетикалық жүйесін істен шығарды ма?

Блэкаут: Қырғызстандағы апат Қазақстанның энергетикалық жүйесін істен шығарды ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Кеше Қазақстанның оңтүстік аймағында жарық сөніп қалған болатын. Еліміздің бірнеше өңірін қамтыған жаппай электр үзілісінің бастапқы себебі Қырғызстандағы Тоқтағұл су электр стансасында екі гидрогенератордың ажырауынан болған көрінеді. Бұл туралы «KEGOC» АҚ хабарлады.

Оқиға сағат 14:37-де тіркелген. Гидрогенераторлардың ажырауы Қазақстанның «Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіріп, еліміздің оңтүстік энергетикалық аймағының Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан кіретін Орталық Азияның ортақ энергожүйесінен уақытша бөлінуіне себеп болған.

Салдарынан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарында, сондай-ақ, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында электрмен жабдықтау үзілді. Яғни апат тек оңтүстік өңірлермен шектелмей, Қазақстанның солтүстік аймағына да әсер етті.

Электрмен жабдықтау кезең-кезеңімен қалпына келтірілді. 14:47-де Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы тұтынушыларға электр берілді. 16:26-да Алматы мен Жетісу облыстарында, 16:34-те Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында электр желісі қалпына келді.

Бұл жағдай Орталық Азия елдерінің электр энергетикалық жүйелерінің өзара тығыз байланысын тағы бір көрсетті. Бір елдегі ірі генерация көзінің істен шығуы көршілес елдің электр желілеріне түсетін жүктемені күрт арттырып, жүйелік сипаттағы ақауға ұласуы мүмкін.

Дегенмен апаттың барлық техникалық себептері әзірге толық анықталған жоқ. KEGOC технологиялық бұзушылықтың себептерін арнайы комиссия тексеретінін мәлімдеді. Сондықтан қазіргі таңда нақты қорытынды жасауға ерте.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.