БАҚ бәсекесі: медиа оқырманға бармаса, оқырман медиаға келмейді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

“Бізде су жоқ”: Ақтаулықтар жаппай Джеки Чанға шағым жолдады

“Бізде су жоқ”: Ақтаулықтар жаппай Джеки Чанға шағым жолдады
Фото: sports.kz

Әлемге әйгілі актер Джеки Чанның Ақтауға келуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Алайда өңір тұрғындарының бір бөлігі бұл мүмкіндікті пайдаланып, актердің парақшасына пікір қалдырып, Ақтаудағы көп жылдан бері шешілмей келе жатқан ауызсу мәселесіне назар аударуды сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.

Тұрғындар жазбаларында қалада әр жаз сайын ауызсу тапшылығы қайталанатынын айтып, биліктің бұл түйткілді әлі күнге дейін толық шеше алмай отырғанына шағымданған.

«Құрметті Джеки Чан! Ақтау қаласына қош келдіңіз! Біз сізді дана әрі құрметті актер ретінде танимыз. Бірақ біздің үйде әр жаз сайын ауызсу болмайды. Бұл жағдай жылдан-жылға қайталанып келеді. Бұл – Ақтау тұрғындары үшін үлкен мәселе», – деп жазған желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір тұрғын:

«Құрметті Джеки Чан, Ақтауға қош келдіңіз! Бұл – Қазақстан. Бізде ауызсу мәселесі бар. Ұзақ уақыттан бері жергілікті халық тұрақты сумен қамтамасыз етілмей келеді. Үйіме қонаққа келіңіз», – деп пікір қалдырған.

Ал өңір тұрғындары өзара талқылауда облыс әкімінің өткен жылы берген уәдесін де еске салған.

Мәселеге қатысты Су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының орынбасары Ануар Туляков өңірде ауызсу қоры жеткілікті екенін, алайда негізгі қиындық тозығы жеткен су құбырларында екенін айтты.

«Қазір су құбырлары әбден тозған. Жоспарға сәйкес бірінші шағынауданнан бастап алтыншы шағынауданға дейінгі су және кәріз желілерін толық ауыстырдық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр», – деді ол.

Жауапты мамандардың мәліметінше, Ақтау қаласын толық әрі тұрақты ауызсумен қамтамасыз ету үшін шамамен тағы үш жыл қажет. Себебі қаладағы су құбырларының жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық, олардың басым бөлігі ескірген. Желілерді кезең-кезеңімен жаңарту үшін қомақты қаржы мен уақыт керек.

Әзірге Джеки Чан ақтаулықтардың әлеуметтік желідегі үндеуіне жауап берген жоқ.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.