Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов Threads әлеуметтік желісінде сәбиінің тұсауын кесуге шақырған қолданушыға жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Желі қолданушысының ұсынысына облыс әкімі қазақтың салт-дәстүріне тоқталып, тұсау кесудің мәні мен мағынасына тереңірек көзқарас білдірген. Оның айтуынша, бұл — баланың болашағына ақ жол тілейтін ерекше ырым.
«Тұсау кесу – қазақ дәстүріндегі жауаты ырым. Мен қазір сіздер үшін сырттай жақсы азамат, әділ басшы болып көрінсем де, осы күнге жету үшін қиын баспалдақтармен жүріп өттім. Қадамын енді басқан балақайға біз көрген бейнетті бермесін», – деді Асаин Байханов.
Сонымен қатар өңір басшысы тұсау кесу рәсімін кімнің жасағаны дұрыс екеніне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл жауапты сәтті бала өмір жолын жақсы білетін, жақын жандарға тапсырған жөн.
«Әрине, ниетіңізді түсініп тұрмын. Алайда, тұсауды сіздердің жақын дос-туыстарыңыз, өмір жолы көз алдарыңызда өтіп жатқан адамды қойған дұрыс деп ойлаймын», – деп жазды әкім.
Асаин Байханов сөз соңында сәби мен оның ата-анасына ақ тілегін арнады. Ол баланың болашағы ең алдымен тәрбие мен ниетке байланысты екенін атап өтті.
«Балаңыздың лауазымды тұлға, үлгілі басшы болғанын қаласаңыз, Сіз де, біз де Алладан тілек етейік. Көпшіліктің дұғасы қабыл болады. Тәрбиесі мықты берілген бала әрқашан биік жетістікке жетеді. Қадамдарыңыз оңынан болсын!» – деп түйіндеді ол.