KZNEWS.KZ
Қоғам

“Біз келіспейміз”: Балықтан уланған отбасының жақындары тың деректерді жария етті

Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында үйде дайындалған салқын ысталған балықты тұтынған төрт адам, оның ішінде екі бала, ботулизмнің ауыр түрімен ауруханаға түсті, деп хабарлайды kznews.kz

Оқиға 17 қыркүйекте болған. Тұрғындар тоңазытқышта ұзақ сақталған балықты жегеннен кейін жүрек айну, құсу, көру мен жұтынудың бұзылуы, көздің қосарлануы секілді белгілер байқалған. 19 қыркүйекте үш ересек адам мен 9 жастағы бала медициналық мекемеге жеткізілген.

Зардап шеккендердің туыстары Маңғыстау облысының әкіміне бейнеүндеу жасап, республикалық деңгейдегі реаниматологтар мен инфекционистерді Ақтауға жіберуді немесе науқастарды санитарлық авиациямен Астанаға жеткізуді сұрады.

«Онлайн форматқа біз келіспейміз. Республикалық деңгейдегі мамандардың Ақтауға келуін немесе баланы санитарлық авиациямен шұғыл тасымалдауды сұраймыз. Уақыт жоғалтуға болмайды!» – деді науқастардың жақындары.

Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы пациенттерге ботулизм күдігі қойылғанын растады. Мамандардың айтуынша, науқастарға арнайы сарысу енгізіліп, дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп жатыр.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →