KZNews.kz
Шоу-бизнес

Біз «хуторскийміз» деді – Қаржаубай Нұрымов сотта болған оқиғаны баяндап берді

Ayzhan Sylanova
Фото: Жоғарғы сот

Түске дейінгі сот отырысында Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Кадирова мен анасы Гүлбара Бишімбиевадаан жауап алынды. Түстен кейінгі сот отырысында әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік етіп жатыр. 

Қаржаубай Нұрымов прокурордың сұрақтарына жауап бере отырып, сол күнгі оқиғаны баяндап берді. 

«Дүкенді жалға алғанбыз, иесі – көршіміздің туысы. Ол дүкенде көбіне сатушы істеді, артынан жолдасым, бауырларым кезектесіп істедік. Тек етте ғана Нұрғанат істеді. Ал Шерзат жазда Нұрғанатқа көмектесіп жүрді. Дүкенді түнгі 11.00-ге дейін ашатынбыз, бірақ кейде түнгі сағат 1-2-ге дейін сауда болып кетеді. Кейде ғана осылай болатын, нақты бір уақыты жоқ. Кешкі уақытта кейде мен, кейде бауырларым, кейде жолдас балам отыратын. Ол дүкенде біз қосымша табыс ретінде жұмыстан тыс уақытта істедік. Қазанның 3-нен 4-не қараған түні мен дүкенде саудада тұрдым, жұмыстан келіп көмектесейін деп ойладым. Кейін сол уақытта Әскентай Дархан келді. Екеуміздің арамызда ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Кейін 1-2 ер адам келді. Олар қашан аштыңыздар, не болды, қалай болдыдеп дүкен жайлы сұрады. Кейін біздің таныс жігіт келді. Дархан сол аралықта сыра сұрады. Кейін мен оған сағат 23.00-ден кейін сыра сатпаймыз деп ескерту жасадым. Ол өтініп қоймағаннан кейін мен бердім. Екеуміздің арамыздағы түсінбеушілік аударғанда болды. Ол What's up мессенджері арқылы Қалтаевадан ақша түсті деп көрсетті, мен Светланадан түсті дедім. Ол өзі соны түсінген жоқ. Мен «бауырым айып етпе, соңғы төлем Светланадан түсті», дедім. Сол кезде жақсы сөйлесіп, шығып кеткен», – деді Қаржаубай Нұрымов. 

Пркурор сол күні Дархан Әскентайдың дүкенге кірген кезде мас күйде болған-болмағанын сұрады.

«Мас болды. Қасыма келіп сөйлегенде алкогольдің иісі шығып тұрды. сол себепті мен онымен көп сөз таластырмай, жібере салғым келді. Сырасын, темекісін алды, мен оған қалған ақшасын қайтардым. Сөйтіп, қол алысып шығарып салдым. Сол уақытта марқұм балам Шерзат келді. Ол дүкенге телефон қуаттандырғышын ұмытып кеткен болатын. Мен одан кештетіп неге жүрсің деп сұрадым. Ол: «Ахмет оқуға кетеді, соны шығарып салайық. Кейін сусын алып, балаларды шығарып, үйге барамыз» деді. Мен рұқсатымды бердім. Сол кезде Дархан (Әскентай) қайта айналып кірді. Сол кезде Шерзат Дарханның маған телефон беріп тұрып дұрыс сөйлемей тұрғанын түсініп  қалады. Ішіп алған адам боқтық сөз қосып сөйлейді ғой. Дархан далаға шықты, артынан балам шықты. Кассаның жанындағы терезе ашық болатын. Терезеден екеуінің жоғары тонда сөйлесіп тұрғанын естіп қалдым. Сөйтіп мен артынан айналып бардым, мен шығып үлгергенше, бала оны ұрып жіберді. мен екеуін ажыратып алдым. дарханды былай қарай алып кеттім де, балама ұрсып ескерту жасадым. Содан, дүкенге қайтып айналып кірдім де Дарханнан кешірім сұрадым. Сол кезде мен оны сырттай танитынмын, еститінмін. Бұл біздің ауылда менің ағамның досы бар, Дархан сол досының балдызы екен. Мен сол кезде жездеңе хабарласамын дедім, ол керек емес деді. Мен оған: «Жүр сені ауруханаға апарайын, еміңді жасап берейін, ақыңды төлейін, болмаса ішімдігіңді берейін», - дедім. Жездесіне хабарласып едім, жездесі телефонын алмай қойды. Ол ары қарай кеткендей болды», – деді Нұрымов. 

Прокурор Нұрымовтан: «Ол Сіздің кешірім сұрағаныңызға не деп жауап берді?», – деп сұрады. 

«Кешірмеймін деді, балаларды шақырамын деді. Балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды деді. Мен: «Өз арамызда шешейік, ол кішкентай бала, 16 жаста. Сен өзің шешесінен боқтадың ғой. Боқтамағанда ондай болмайтын еді ғой», – деп қолымнан келгенше кешірім сұрадым. Нұрболдан да, Дарханнан да кешірім сұрадым. Олар кеткен сияқты болды, мен ішке кіріп кеттім. Сосын үйге Шерзаттың анасына хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, Нұрғанатты шақырттым. Ол келді. Сол сәтте де бізде төбелес шығару туралы ой болған жоқ. Нұрғанат та Дарханға түсіндіріп айтты. Ол өз жағынан балаларға звондап, шақырып жатты. Оның барлығы видеода бар. Нұрболдың жанында жас бала болды. Нұрбол кішкене мас екен. Ол кім соқты, не болды деп сұрап жатты. Мен балама ашуланып кетпесін деп, мен соқтым деп айттым. Сол кезде Нұрбол: «Бізді танымайсыңдар ма? Мен Нұрболмын, біз «Хуторскийміз», Хутордың жігіттерміз», – деді. Кейін ол маған Дарханның жетім бала екенін ескертіп, «неге оны ұрасыңдар?» деді. Біз оны әдейі ұстап алып ұрған жоқпыз ғой. Нұрбол сол кезде Дарханды балалармен алып кетті. Үшеуі кеткен сияқты болды. Біраздан соң қайта айналып келді. Мен әңгімені басынан бастап айтып бердім. Нұрбол ішке кіріп, тағы төлем жасады да касса жаққа өтіп кетті. Ол менімен дөрекі сөйлесті. Мен Нұрболға тиіскем жоқ, оған жаман сөз айтпадым. Тек дүкеннің ішінде май кесетін пышақ болды. Сол май кесетін пышақты далаға алып шықтым. Неге десеңіз, дархан Нұрболға дұрыс емес ақпарат жеткізіп тұр. Оның айтуынша, Дархан көшеде сыра ішіп тұрған, жас бала келіп оны ұрып жіберген. Ол шындығын айтып тұрған жоқ. Ол Дарханның сөзін сөйлеп, бізге келіп тұр. Мен пышақты алып, Дарханға бардым. балам мен Нұрғанат мені ажыратып алды. Мен Дарханға: «Сен не істеп жатсың? Айттық қой, кешірім сұрадық. Не қалап тұрсың? Денсаулығын қойып тастайды деген не әңгіме? Ол бала емес пе? Жүр, ауруханаға апарайын», - дедім. Балам «қой» деген соң, пышақты ішке қойып, қайта шықтым. Нұрболмен сөйлестік, жас бала (Думан Ысқақ) келді, оған да түсіндірдім. Ол сау болды, оның қылмыс жасайтын әрекеті болған жоқ. Жас бала (Думан Ысқақ) Нұрболға түсіндірді. Ол кезде тағы да кеткендей болды. Бір кезде тағы да айналып келді. Айналып келгенде Нұрқияс болды», – деді Қаржаубай Нұрымов. 

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары