Бішкекте үйсіз, далада түнеп жүрген адамның өз ұлының сыныптасы екенін танып қалған дәрігер Елена Часова оның қала орталығындағы екі бөлмелі пәтерінен айырылып, денсаулығы да күрт нашарлап, көшеде қалғанын айтып дабыл қақты. Әйелдің табандылығы нәтижесінде күдіктілер қатарында милиция қызметкері де аталатын қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оқиға 2022 жылғы 10 қыркүйекте басталған. Еленаға көршісі хабардар етіп, Жібек Жолу даңғылы мен Абдрахманов көшесінің қиылысында аяқтары сал болып қалған жас жігіттің ұзақ уақыттан бері жатқаны жөнінде айтады. Ер адам бағдарын жоғалтқан күйде болып, өз-өзін ұстай алмайтын жағдайға түскен, ал алдында садақа жинайтын қорап тұрған. Көршілердің сөзіне қарағанда, кешкілік белгісіз біреу келіп, жиналған ақшаны алып кетіп, орнына медициналық спирт пен бір самса қалдырып жүрген.
Елена жігітпен тілдескенде оның дизайнер мамандығы бойынша жоғары білімі барын және қай мектепте оқығанын айтып қалғанын жеткізеді. Сол сәтте ғана ол мұның кіші ұлының сыныптасы — Александр Парфенов екенін аңғарған.
«Көршім маған дәрігер болған соң хабарласты. Өзім барып көрейін деп шештім. Алғашында ол маған таныс сияқты көрінді, бірақ бірден қайдан көргенімді түсінбедім. Ол көп сөйлей қоймады, дегенмен әңгіме арасында дизайнер мамандығы бойынша жоғары білімі барын айтты, кейін қай мектепте оқығанын да айтты. Сол кезде таныдым. Ол – Александр Парфенов, кіші ұлымның сыныптасы болып шықты. Сыныптары жекеменшік, бар болғаны 15 адам еді. Сондықтан бәрін танимын», – дейді Часова.

Әйелдің айтуынша, ол тапқан кезде Александр көшеде бір жылдан аса уақыт өмір сүріп үлгерген. Өте қатты арықтап кеткен, үсті-басы кір, уақыт пен орынды ажыратуы қиындаған. Өзін 25 жаста санаса да, шын мәнінде 35-ке келгені анықталған.
Часова Александрдың Бішкектің қақ орталығындағы екі бөлмелі пәтерде ата-анасы және әжесімен бірге өскенін бұрыннан білетін. Туыстары оның жағдайынан бейхабар болуы мүмкін деп, көршісімен бірге сол пәтерге барған. Алайда есікті белгісіз жас жігіт ашып, 2019 жылдан бері осы жерде тұратынын және пәтердің иесі екенін айтқан. Оның сөзінше, үйді Александр Парфеновтан сатып алған. Бұл жайт Часованың күдігін күшейткен.

Көршілердің мәліметінше, Александрдың әжесі 2007 жылы, ал ата-анасы 2012–2014 жылдары аралығында қайтыс болған. Одан кейін ол пәтерде жалғыз тұрған. Біраз уақыттан соң үйге бөгде адамдар келіп, онымен бірге ішімдік ішетін жағдай қалыптасқан.
Кейін Часова Александрдың сөзі арқылы Рысбек есімді адаммен танысқанын анықтайды. Айтуынша, Рысбек Чүй мен Манас даңғылдары маңындағы жерасты өткеліне “бейресми бақылау” жүргізіп, Александр сол маңда музыка ойнап, нәпақа тапқан. Уақыт өте Рысбек сеніміне кіріп, үйіне тағы бір ер адамды ертіп келетін болған. Олар ішімдік әкелгенімен, өздері ішпей, «көлік жүргізіп жүрміз» деп сылтауратады. Александр арақтың біртүрлі дәмін бірнеше рет сөз еткен.
Ақырында Александр орталықтағы екі бөлмелі пәтерін Кольбаев көшесіндегі жатақханадағы бір бөлмеге айырбастаумен аяқталған мәмілеге кіріп кеткені айтылады. 2019 жылғы 26 наурызда Рысбек пен қасындағы адам келіп, ертеңіне Александрдың жағдайы қатты нашарлаған: алкогольдік уланудың белгілері байқалған. Сол күні оны Госрегистра ғимаратының қарсы бетінде орналасқан нотариусқа апарып, Рысбектің атына мүлікті иеліктен шығаруға құқық беретін нотариалды сенімхатқа қол қойғызған.
«Құжаттарға қол қойған сәтте Александрдың өз әрекетінің мәнін және салдарын түсіну қабілеті міндетті түрде бағалануы тиіс», – дейді Елена.
Ертесіне, 2019 жылғы 27 наурызда сол сенімхат негізінде Бішкек қалалық «Кадастр» басқармасында пәтер Рысбектің ағасы Жунусбектің атына рәсімделіп, сатып алу-сату шарты жасалған. Часова құжаттардың бір нотариустың айналасында өте қысқа мерзімде рәсімделуі де күмән тудыратынын айтады.
«Бір нотариустың айналасында рәсімделген құжаттар бөлек назар аудартады. Александрдың әжесінен оның ұлына, кейін анасына, одан соң Александрдың өзіне құқықтың өтуі өте қысқа уақыт аралығында – әр кезеңнің арасында бір-екі күн ғана үзіліспен рәсімделген. Мұндай жылдамдық нотариустың тексеруі қаншалықты толық болғанына күмән тудырады», – деді Часова.
Мәміледен кейін Александр пәтерде тұру мүмкіндігінен айырылып, жатақханаға көшірілген. Коммуналдық қарыздарын жауып, асырауға уәде бергенімен, іс жүзінде ара-тұра азық-түлік әкелумен ғана шектелгені баяндалады. Бір кездері жатақханада тұрып, жұмыс істеген Александр кейін тұйықталып, бірнеше айға жоғалып кеткен. Куәгерлердің сөзінше, бір күні соққыға жығылған, есі кіресілі-шығасылы күйде келіп, екі белгісіз адамның «бұл бөлме енді оған тиесілі емес» деп заттарын сыртқа шығарып тастағанынан кейін ол қайта оралмаған.
Часованың айтуынша, Александр көшеде жүрген кезде оның алдына садақа жинауға қорап қойылып отырғанымен, ақшаны өзі пайдалана алмаған. Ақшаны Ислам есімді адам алып кететін көрінеді. Әйелдің сөзінше, ол Александрға көмектеспек болған кез келген әрекетке кедергі келтіріп, панажайлар қауіпті деп қорқытып, түрлі үрейлі әңгімелер айтқан.
Соған қарамастан, Часова оны алып шығып, «Фонтан жизни» үйсіздерге көмек көрсету орталығына жеткізген. Кейін Александр Ыстықкөл облысындағы шіркеуге қарасты көмек орталығына орналастырылған. Алғашқы кезде жағдайы тым ауыр болып, күтімге толық мұқтаж болғаны, ал қазір бұл баспанада үш жылдан бері тұрып келе жатқаны айтылады.
Тағы бір маңызды дерек ретінде 2019 жылғы 27 қыркүйекте Александрдың туыс әпкесі Надя Ресейден Бішкекке келіп, бауырының жоғалғанын біліп, сол күні Ленин РУВД-на арыз жазғаны келтіріледі. Сол күні пәтердің қайтадан иеліктен шығарылғаны да күдік туғызған: Жунусбек оны Уланбекке сатып, ол көп ұзамай үйді Рысбектің кіші інісі Умутбекке сыйға тартқан. Часова алғаш барған кезде есік ашқан жігіттің сол Умутбек екені айтылады. Кейін Надяның арызы «жоғалып кеткені» және «бауыры табылды» деген мазмұндағы арызды Надя жазды-мыс деген уәжбен іс қозғаудан бас тартылғаны белгілі болған. Алайда Надежда мұндай арыз жазбағанын айтады.
Часованың табандылығынан кейін қылмыстық іс қозғалып, мүдделер қақтығысына байланысты (күдіктілердің бірі милиция қызметкері болғандықтан) іс ГКНБ-ға берілген. Тергеудің ауыр жүріп жатқаны, бірнеше рет тергеуші ауысқаны да айтылады.
«Бұл оқиға адамның қаншалықты осал болуы мүмкін екенін және немқұрайлылық пен тергеудегі формализмнің қоғамға қаншалықты қымбатқа түсетінін көрсетеді. Бұл істің әділ шешім табатынына, ал атақ-дәрежесіне қарамастан құқықтық баға берілетініне қатты үміттенемін», – деп қорытындылады Часова.