Степногорск қаласында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлінді. Оның ішінде Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекеме де бар, деп хабарлайды kznews.kz.
Бас прокуратураның Telegram арнасындағы мәліметке сәйкес, биыл Степногорск қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін техникалық тұрғыдан күшейтуге қаражат бөлу мәселесін шешкен.
Соның аясында Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекемеде кіруді бақылауға арналған заманауи бейнедомофон жүйесі орнатылды.
Жаңа жүйе бойынша сотталған адам белгілі бір аумақтан шығу қажет болған жағдайда арнайы шақыру батырмасын басады. Осыдан кейін кезекші бөлім қызметкері бейнебайланыс арқылы оның жеке басын анықтап, шығу мақсатын нақтылайды.
Тек тиісті рұқсат берілгеннен кейін ғана есік ашылады. Ал сотталған адам өтіп болған соң есік автоматты түрде жабылады.
"Бұл жүйе сотталғандардың бақылаусыз жүруіне жол бермеуге, өткізу режимін күшейтуге және қызметкерлер мен нысанның жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады ведомство.