Жаңалықтар

"Бір жылда үш тоқал алған": Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Бір жылда үш тоқал алған": Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)
madeniportal.kz коллажы

Бұл туралы журналист Самал Ибраева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистің мәліметінше, өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық әйелі ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы «Ұлыс» жобасына көлемді сұхбат берген. Самал Ибраеваның айтуынша, бұл әңгіме жеке өмірді әшкерелеуге арналған кезекті подкаст емес, керісінше, елді шамамен 30 жыл басқарған Назарбаевтар әулетінің моральдық бейнесін, психологиялық портретін және құндылықтар жүйесін ашып көрсеткен мазмұнды әңгіме болған.

Сұхбатта айтылған деректерге сүйенсек, Қайрат Сатыбалды бір жылдың ішінде қатарынан үш әйел алған. Ал Асылжан Есенқызына үйленуіне сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы болғаны айтылады. Осыған байланысты «отбасылық кеңес» құрылып, Сатыбалдының әйелдеріне қатысты мәселелер арнайы талқыланған көрінеді.

Самал Ибраева бұл жайттарды сол кезеңдегі елдің әлеуметтік ахуалымен салыстыра отырып, халық күнкөріс қамымен базар жағалап, қара нан табудың жолын іздеп жүрген тұста, билік басындағы әулет тұрмыстық әрі жеке мәселелермен әлек болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Қайрат Сатыбалдының бір кезеңде ұлттық қауіпсіздік саласына да жауапты қызмет атқарғанын еске салды.

Журналистің жазуынша, бүгінде Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық жары Асылжан науқас қызымен бірге жалғыз қалған. Сұхбат барысында ол жүкті кезінде азаматтық некедегі күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін, кейін көліктері мен дүние-мүлкінен айырылғанын, қазір жалғыз баспанасынан да айырылып қалу қаупі бар екенін айтқан.

— Қазақстанның Назарбаевтар әулетінің 30 жылдық билігінен кейін экономикалық әрі моральдық тоқырауға ұшырауының себептерін осындай оқиғалар арқылы-ақ байқауға болады. Ең алаңдататыны — Сатыбалдының айналасындағы жақтастары оны «егер монархия орнаса, елді сіз басқаруыңыз керек» деп үгіттегені. Бізді Құдай сақтап қалған шығар… Адам құқығы, әйелдің еркі мен хақы, ұрпақ тағдыры, мемлекеттің құрылымы туралы көзқарасы осындай, сұхбатта айтылғандай «білімі 11 жылдық мектептен аспаған» адам ел тізгінін ұстағанда не болар еді? — деп жазды Самал Ибраева.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz