Ислам нұры

БІР ЖАҚСЫ, БІР ЖАМАН

БІР ЖАҚСЫ, БІР ЖАМАН


Сыр ақтарсам қазақтай іргелі елден,
Қойынына үлде мен бүлде көмген.
Жақсысы көп марқайтып, жан сүйсінтер,
Жаманы да, алайда, бірге келген.

Бір жақсысы - таниды бір Алланы,
Қаншама ақын Раббым деп жыр арнады.
Бір жаманы - сонда да құлшылық қып,
Елемейді бұйрығын Құрандағы.

Бір жақсысы - болса да талабы көп,
Бір жаманы - әлі де намазы жоқ.
Бір жақсысы - сүйем деп пайғамбарды,
Бір жаманы - сүннеттен хабары жоқ.

Бір жақсысы - Құранды төріне ілген,
Бір жаманы - оқымас оны мүлдем.
Бір жақсысы - біртұтас үмбетпіз деп,
Бір жаманы - келеді бөлінумен.

Бір жақсысы - пейілі аңқылдаған,
Бір жаманы - ісі жоқ қарқындаған.
Бір жақсысы - Құдайды жалғыз дейді,
Бір жаманы - ширктен тартынбаған.

Бір жақсысы - болса да діні күшті,
Бір жаманы - дос тұтар Ібілісті.
Бір жаманы - өзгеден айып іздеп,
Тек өзінің көрмейді мінін ішкі.

Бір жақсысы - жәннатқа кірем дейді,
Бір жаманы - нәпсісі жібермейді.
Бір жақсысы - тозақтан құтылам деп,
Бір жаманы - амалы түзелмейді.

Бір жақсысы - түзу жол табам дейді,
Бір жаманы - сонда да харам жейді.
Бір жақсысы - ниет бар оразаға,
Бір жаманы - жетпейді шамам дейді.

Бір жақсысы - бақытқа жетем дейді,
Бір жаманы - парызы өтелмейді.
Бір жақсысы - ниетті қажылыққа,
Бірақ, әттең, қалтасы көтермейді.

Бір жақсысы - десе де өлімді хақ,
Бір жаманы - күтпейді соны бірақ.
Бір жақсысы - терсе де сауапты көп,
Бір жаманы - тез оның төгілуі-ақ.

Бір жақсысы - ойлайды ел бүтіндігін,
Бір жаманы - нақты істі бітірді кім?
Бір жақсысы - берді Алла тәуелсіздік,
Бір жаманы - аз айтар шүкірлігін.

Таңы атқалы Исламның көп болмады,
Бір жақсысы - жақсы ғой жоқтан бары.
Болайықшы, бауырлар, екі өмірде,
Бір Алланың иманды хақ құлдары!

Ескендір ТАСБОЛАТ

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz