Жалпы, Ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы зерттеуі еңбек нарығында мамандықтарға қарай табыс айырмашылығы едәуір екенін көрсетіп отыр. Статистика бойынша, биыл сәуірде жүргізілген зерттеу 3,38 млн жұмыскерді қамтыған. Олардың 48,1 пайызы ерлер және 51,9 пайызы әйелдер болды.
Ал кәсіптік бөлініс бойынша орташа айлық жалақы ұйым мен мекеме басшыларында 1 млн 101,1 мың теңге, инженерлерде 702 мың теңге, дәрігерлерде 491,4 мың теңге шамасында екені анықталыпты. Сондай-ақ, бухгалтерлер орта есеппен 398,6 мың теңге, жүргізушілер 328,1 мың теңге, аспаздар 192,6 мың теңге, ал күзетшілер 174,2 мың теңге алатыны белгілі болды.
Салыстырмалы түрде алғанда елдегі табыс айырмасы жоғары екені байқалады. Мысалы, басшы мен күзетшінің орташа жалақысының айырмасы 926,9 мың теңгеге жетеді екен. Яғни, басшылардың табысы күзетшілердікінен шамамен 6,3 есе жоғары.
Айтпақшы, зерттеуге алынған барлық көрсеткіш салықтар ұсталғанға дейінгі жалақыны қамтиды екен. Оның құрамына қосымша төлемдер мен сыйақылар да кіреді. Сондықтан бұл сомаларды жұмыскерлердің қолына нақты алатын ақшасымен теңестіруге болмайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, биыл жалақы барлық тоғыз ірі кәсіптік топта өскен. Ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы жұмысшыларда екен, өсім 13,1 пайыз. Ал жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілер тобында өсім 10,4 пайыз болған.
Алайда, жалақының өсу қарқыны еңбек нарығындағы табыс теңсіздігі толық қысқарды дегенді білдірмейді. Мұны бағалау үшін кәсіптік бөлініс бойынша нақты жалақы өсімін, инфляцияны және жұмыскерлердің қолына тиетін табысты қатар салыстыру қажет.