"Бір жалақыға өмір сүргір..." : басшы мен жұмысшының табыс айырмасы 6 еседен асты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Бір жалақыға өмір сүргір..." : басшы мен жұмысшының табыс айырмасы 6 еседен асты

"Бір жалақыға өмір сүргір..." : басшы мен жұмысшының табыс айырмасы 6 еседен асты
Фото: AI көмегімен жасалған.

Елімізде мекеме мен ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 1,1 млн теңгеден асса, қарапайым күзетшінің табысы 174 мың теңге шамасында екен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының есебінде айтылды.

Жалпы, Ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы зерттеуі еңбек нарығында мамандықтарға қарай табыс айырмашылығы едәуір екенін көрсетіп отыр. Статистика бойынша, биыл сәуірде жүргізілген зерттеу 3,38 млн жұмыскерді қамтыған. Олардың 48,1 пайызы ерлер және 51,9 пайызы әйелдер болды.

Ал кәсіптік бөлініс бойынша орташа айлық жалақы ұйым мен мекеме басшыларында 1 млн 101,1 мың теңге, инженерлерде 702 мың теңге, дәрігерлерде 491,4 мың теңге шамасында екені анықталыпты. Сондай-ақ, бухгалтерлер орта есеппен 398,6 мың теңге, жүргізушілер 328,1 мың теңге, аспаздар 192,6 мың теңге, ал күзетшілер 174,2 мың теңге алатыны белгілі болды.

Салыстырмалы түрде алғанда елдегі табыс айырмасы жоғары екені байқалады. Мысалы, басшы мен күзетшінің орташа жалақысының айырмасы 926,9 мың теңгеге жетеді екен. Яғни, басшылардың табысы күзетшілердікінен шамамен 6,3 есе жоғары.

Айтпақшы, зерттеуге алынған барлық көрсеткіш салықтар ұсталғанға дейінгі жалақыны қамтиды екен. Оның құрамына қосымша төлемдер мен сыйақылар да кіреді. Сондықтан бұл сомаларды жұмыскерлердің қолына нақты алатын ақшасымен теңестіруге болмайды.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, биыл жалақы барлық тоғыз ірі кәсіптік топта өскен. Ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы жұмысшыларда екен, өсім 13,1 пайыз. Ал жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілер тобында өсім 10,4 пайыз болған.

Алайда, жалақының өсу қарқыны еңбек нарығындағы табыс теңсіздігі толық қысқарды дегенді білдірмейді. Мұны бағалау үшін кәсіптік бөлініс бойынша нақты жалақы өсімін, инфляцияны және жұмыскерлердің қолына тиетін табысты қатар салыстыру қажет.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.