Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалындағы су ағу мәселесі Үкіметтің қатаң сынына ұшырады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс сапасына наразылық білдіріп, барлық кемшілікті 1 шілдеге дейін жоюды тапсырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкімет өкілі терминалдың қазіргі жағдайына және құрылыс жұмыстарының қарқынына көңілі толмайтынын айтып, кемшіліктерді түзету үшін тәулік бойы жұмыс ұйымдастыруды міндеттеді.
Сондай-ақ ол жуырда нөсер жаңбыр кезінде терминалға су кіріп кеткен жағдайға арнайы тоқталды. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түскен болатын.
«Келесі жолы жаңбыр жауған кезде әуежай терминалына бір тамшы су да өтпеуі керек. Шатырын, ғимараттың қасбетін, автотұрақты – барлығын қайта жасау қажет. 1 шілдеге дейін уақыт беремін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.