Абай облысында шұғыл шақыртуға бара жатқан екі өрт сөндіруші жол апатынан көз жұмды. Марқұмдардың туыстары қайғылы жағдайға басшылықтың тапсырмасы себеп болуы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жол апатынан азаматтық қорғау саласының қызметкерлері Ермек Сыдықов пен Арнұр Әдікенов қаза тапқан. Екеуінің де артында кәмелетке толмаған балалары қалды.
Оқиға Семей – Курчатов тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі өрт сөндіруші отырған Chevrolet көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Kia автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
36 жастағы Ермек Сыдықов оқиға орнында көз жұмған. Оның анасы Анар Сыдықованың айтуынша, ұлы шұғыл шақыртуға асыққан.
«“Жет” деді бір сағатта. Олар ұшып кетті. Бұйрыққа бағынамыз деп қыршынынан жанын қиып отыр менің балам. Оған кім кінәлі? Қызметтік тексерік болса, анық-қанығын сот өкілдері шешеді деп ойлаймын. Баламның ешкім орнын толтыра алмайды», – деді марқұмның анасы.
Ермек Сыдықовтың артында жұбайы мен екі баласы қалды. Ал көлікте бірге болған 33 жастағы Арнұр Әдікенов те апат салдарынан қайтыс болды. Оның артында әйелі мен бір баласы бар.
Марқұмдардың жақындары Курчатов пен Семей арасындағы шамамен 130 шақырымдық жолды бір сағат ішінде жүріп өту тапсырылғанын айтады.
«Екіге қарай Курчатов қаласынан шақырту болады. Бір сағаттың ішінде 130 километр жүріп өтіп, тез келулерің керек деді. Бір сағаттың ішінде сендер шақыртумен келулерің керек деп айтқан. Сонда олар 130 километр сағатына жүріп отыру қажет. Ол өте жоғары жылдамдық», – деді марқұмның қарындасы Динара Ғабитқызы.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға байланысты қызметтік тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Оның қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға берілмек.
«Департамент қаза болған қызметкерлердің отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдауды көрсетуде және алдағы уақытта да көрсететін болады. Қазіргі уақытта департамент тарапынан болған оқиға фактісі бойынша қызметтік тергеп-тексеру басталды», – деп мәлімдеді ведомство.
Жол апатына байланысты полиция да қылмыстық іс қозғаған. Chevrolet соқтығысқан Kia көлігінде болған ерлі-зайыпты ауруханаға жеткізілмей көз жұмған. Олардың артында алты бала қалды.