Профессордың мәліметінше, Айнар Ахметов теңіздегі оқиға кезінде өздігінен жағаға шыққан. Ол судағы әскери қызметшілердің біріне көмектесуге тырысқанымен, оны жағаға алып шыға алмаған.
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде өз күшімен жағаға шыққан сарбаздардың бірі Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Айнар Ахметов болуы мүмкін. Оның жағдайына қатысты ақпаратты профессор Дәметкен Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Айнар Ахметов Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Тоғанас елді мекенінің тумасы. Оның отбасы қазіргі уақытта сарбаздың жағдайына алаңдап отыр.
Сүлейменованың жазуынша, Айнардың әкесі II топтағы мүгедектігі бар азамат, ал анасы денсаулығына байланысты қиындықтары бар көпбалалы ана. Жақындары сарбазбен байланыса алмай отырғанын айтқан.
Профессордың мәліметінше, Айнар жақында қарындасымен қысқа уақыт телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында оның дірілдеп, дұрыс сөйлей алмай тұрғаны байқалған.
«Ол өз күшімен жағаға аман шыққан және қасындағы жолдасына көмектескен, бірақ оны алып шыға алмаған. [...]Олар баласымен хабарласа алмай отыр. Тек кеше кіші қарындасымен 1-2 минут сөйлескен, сосын хабар үзілген», – деп жазды Дәметкен Сүлейменова.
Сарбаздың туыстары Айнар Ахметовтің қазіргі жағдайы туралы ресми әрі нақты ақпарат берілгенін қалайды. Сондай-ақ олар оның аман қалған әскери қызметшілер қатарында не себепті аталмағанына алаңдап отыр.
Қазіргі уақытта Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасуда.