KZNews.kz
Экономика

"Бір ел - бірнеше экономика": еңбек өнімділігінің алшақтығы алаңдатпай ма?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Мықты державаға айналудың алғышарты ретінде қарастырылуы тиіс сипаттың бірі - елдегі еңбек өнімділігі болса керек. Екінші жағынан алғанда бұл экономиканың дамуы мен елдің әл-қуаты артуының да нақты өлшемі екені анық.

Өкінішке қарай, отандық экономика мен әлеуметтік даму бағытында еңбек өнімділігінің біркелкілігі сақталмай отыр. Мұны Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінен таптық. 2025 жылдың 9 айындағы деректер Қазақстан экономикасындағы көптен бері айтылып жүрген, бірақ түбегейлі шешімін таппаған мәселені тағы бір мәрте айқын көрсетті. Яғни, еңбек өнімділігінің аймақтар бойынша тым алшақ болуына назар аударатын уақыт келген сияқты.

Аталған статистикаға сенсек, ел бойынша орташа көрсеткіш бір жұмыскерге шаққанда 9,2 млн теңгені құраған. Алайда, бұл сан нақты экономикалық ахуалды толық сипаттай алмайды. Өйткені, өңірлер арасындағы айырмашылық 7–8 есеге дейін жетіп отыр. Мысалы, бір өңірде еңбек өнімділігі үш есеге дейін жоғары болса, екіншісінде ең төменгі шекте қалып отыр.

Атап айтқанда, 2025 жылы ең жоғары еңбек өнімділігі Атырау облысында тіркеліп, 27,9 млн теңгені құраған. Бұл республикалық орташа деңгейден үш есе жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ, Ұлытау, Қарағанды облыстары мен Алматы және Астана қалалары да еңбек өнімділігі жөнінен алдыңғы қатарда. Бұл осы 5 өңірдегі табыстылыққа нақты қаржы, яғни, капитал көлемі әсер етеді екен. Демек, бұл аймақтардағы салаларда капиталсыйымдылығы басым болып отыр. Атап айтқанда, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, қаржы және ірі инфрақұрылымдық жобалар аз жұмыс күшімен жоғары қосылған құн өндіруге мүмкіндік береді. Қарапайым мысалмен айтқанда, өңірдегі өндіріс пен инфрақұрылымның дамуына бағытталған қисапсыз мол қаржы жұмыс күшінің сұранысына емес, өнімділікті арттыруға негізделеді. Ол қаржы инвестиция немесе басқа да сипатта болуы мүмкін екен. Мысалы, Атырау облысындағы мұнай-газ өндірісіне тартылған инвестиция тек шикізат өндіруге бағытталғандықтан әрі мұнай нарығындағы жоғары баға мен үздіксіз сұранысты өтеуге негізделгендіктен еңбек нарығы мен өнімділігіне де сұранысты арттырып отыр. Ұлытау облысында да тау-кен өнеркәсібі қарқынды болғандықтан еңбек өнімділігі айтарлықтай жоғары көрсеткішке ие болуы заңды. Ал Астана, Алматы сияқты мегаполистердегі еңбек өнімділігінің жоғары болуына сервистік қызметтің сұранысқа ие болуы мен сауда-саттықтағы нақты ақша айналымының үздіксіз жүруі әсер етіп отыр. Алайда, екі жағдайда да еңбек өнімділігінің жоғары көрсеткіш көрсетуі адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылуы мен қомақты жалақы алуына жол ашқанымен, тұтас жағдайда әлеуметтік ала-құлалықты жоя алмайды. Яғни, аз жұмыс күшінің қомақты табысы белгілі бір өңірдегі еңбек өнімділігін ғана сипаттайды.

Есесіне, тұрғындары тыным таппайтын кейбір өңірлердегі еңбек өнімділігі өте төмен. Мысалы, өткен жылы Түркістан облысындағы еңбек өнімділігі небәрі 3,7 млн теңгені құраған. Жамбыл, Жетісу және Алматы облыстары да осындай төменгі топта. Бұл өңірлерде экономиканың негізі ауыл шаруашылығы, сауда мен қызмет көрсету салаларына сүйенген. Жұмыспен қамту жоғары болғанымен, бір адамға шаққандағы өндірілген өнім көлемі төмен. Бұл адамдарды табысы аз әрі технологиялық деңгейі төмен жұмыспен қамтудың салдары.

Екіншіден, мұндағы мәселе тек айырмашылықта емес. Еңбек өнімділігінің динамикасы алаңдатады. 2025 жылы өңірлердің жартысынан көбі осы көрсеткіш бойынша минусқа кеткен. Өсім тек жеті өңірде ғана байқалған. Оның ішінде Атырау, Қарағанды, Павлодар сияқты индустриялық аймақтар бар.

Ал еңбек өнімділігінің күрт төмендеуі Алматы облысында байқалып, 10 пайызға жуықтаған. Сонымен қатар Маңғыстау, Шымкент, тіпті Астана сияқты экономикалық тұрғыда мықты саналатын өңірлерде де еңбек өнімділігі азайған. Бұл жағдай мәселенің жекелеген аймақтармен шектелмейтінін, құрылымдық сипатқа ие екенін аңғартады.

Яғни, ел ішінде бір мезгілде бірнеше экономика моделі жұмыс істегенін мойындауымыз керек. Бір өңірлер шикізаттық, экспортқа бағытталған модельмен дамыса, екіншілері қызмет көрсетуге тәуелді. Ал үшінші топта аграрлық, табысы төмен экономика басым.

Мұндай жағдайда ортақ макроэкономикалық саясат барлық өңірге бірдей әсер етпейді деген пайым туады. Яғни, бір аймақта тиімді болған шешім басқа өңірде нәтиже бермеуі мүмкін. Демек, ішкі экономикалық саясаттағы наративтердің біржақтылығынан жергілікті деңгейдегі сұраныс пен ерекшеліктердің ескерілмейтіні байқалады.

Қалай айтсақ та, аймақтар арасындағы еңбек өнімділігінің алшақтығы ішкі көші-қонды күшейтеді, әлеуметтік теңсіздікті тереңдетеді және ұлттық экономиканың тұрақтылығын әлсіретеді. Мұнан бөлек, жалпы экономикалық өсім бірнеше тірек өңірге шоғырланған жағдайда, сол аймақтарда қандай да бір сыртқы фактор орын алса, ол бүкіл елдің даму қарқынына әсер етеді. Мәселен, Қазақстан мұнай бағасының күрт арзандауы мен төтенше жағдайлар кезінде бұл қауіппен бетбе-бет келді. Мысалы, КТК құбырына жасалған дрон шабуылынан кейін дүрлігіп қалғанымыз рас. 

Екіншіден, еңбек өнімділігінің алшақтығы аймақтар арасындағы орталық бюджетке сұранысты да арттырады екен. Өткенде Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның "масыл облыстар" деген сөзінің қоғам талқысына шығуы аймақтардағы бюджетке сұранысқа қатысты екенін ұмытпауымыз керек.

Сарапшылар мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін жоғары өнімді өңірлердегі экономиканы әртараптандыру қажет дейді. Яғни, шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялы қызметтерді дамыту қажеттілігі күн тәртібінен түспеуге тиіс.

Ал еңбек өнімділігі төмен өңірлерде агросекторда терең өңдеуді дамыту, шағын және орта бизнесті технологиялық жаңғырту, өнімділігі жоғары салаларға нысаналы инвестиция тарту сияқты басымдық жолға қойылса, кәні?..

Қорыта айтқанда, еңбек өнімділігінен туындайтын мәселе жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін стратегиялық фактор екенін естен шығармауымыз керек.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →