KZNews.kz
Жаңалықтар

“Бір әйел алу мұсылмандыққа жат дейтіндер көбейді” - дінтанушы

Айжан Сыланова

Qasqa jol бағдарламасына берген сұхбатында дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы қазіргі қоғамда жиі талқыланатын тоқал алу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл тақырып көбіне дінді үстірт түсінудің салдарынан бұрмаланып жүр, деп хабарлайды kznews.kz.

«Өздерін діндар санайтын кейбір адамдар төрт әйел алуға рұқсатты міндет ретінде қабылдап алған. Тіпті бір әйелмен шектелу – мұсылмандыққа жат деген пікірлер де айтылып жүр. Бұл – дұрыс емес», – деді ол.

Кеңшілік Тышқанұлы Құранда көп әйел алуға рұқсатпен қатар, әділеттілік талабы қатаң қойылатынын еске салды.

«Құранда: “Егер әділеттілік сақтаудан қорықсаңдар, бір әйелді қанағат тұтыңдар” деп нақты айтылған. Біз көбіне аяттың алғашқы бөлігіне ғана қарап, соңғысын елемейміз», – деді дінтанушы.

Ғалымның пікірінше, әділетті болу – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі жауапкершілік. Сондықтан мұндай шешімдер нәпсіге немесе есепке емес, тағдырдың салмағы мен үлкен жауапкершілікке сүйеніп қабылдануы тиіс.

«Бұл тағдырдың басқа салғынымен болу керек. Шалбардың ішіндегі есеппен болмау керек», – деп қорытындылады ол.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →