Білім

Білім саласының маманы экс-министрдің кемшіліктерін ине-жіпке тізіп шықты

Білім саласының маманы экс-министрдің кемшіліктерін ине-жіпке тізіп шықты

Білім саласының танымал сарапшысы, педагог Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі жазбасында экс-министр Ғани Бейсембаевтың қызметі мен білім жүйесінде орын алған олқылықтарды егжей-тегжейлі атап өтті. Оның айтуынша, министрлікті басқарған 2 жыл 9 ай ішінде айтылған уәделердің басым бөлігі орындалмай, сала керісінше әлсіреп кеткен.

Орындалмаған уәделер

Ахметжанұлының айтуынша, министр қызметіне кіріскен кезде үлкен реформаларға уәде берді. Сынып жетекшілігі үшін төлемді үш есеге арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, қағазбастылықты азайту сияқты бастамалар жарияланғанымен, олардың бірде-бірі толық жүзеге аспаған. 

«Үш есе үстеме ақы түгілі, 3 пайыз да қосылмады. Бұл – мұғалімдердің сенімін ақтамаған ең үлкен қателік», - деді ол.

Жоспарсыздық пен қағазбастылық

Сарапшының пайымдауынша, 2016 жылдан бері күтіп тұрған мемлекеттік стандарт пен оқу жоспарларын жаңарту мүмкіндігі де іске аспады. Керісінше, қағазбастылық бірнеше есе артып, мұғалімдердің уақыты құжатқа жұмсалатын болған. 

Сонымен қатар, форумдар мен жиналыстарды жиі ұйымдастыру, әлеуметтік желідегі «риелс» пен хэштегке негізделген есеп беру тәртібі де сынға алынды.

Мектеп жобаларының шатқаяқтауы

Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы да тұралап қалды. Министр жобаны «Келешек мектептері» деп өзгерткенімен, жоспардағы 367 мектептің саны 217-ге қысқарған. 

«Бұл – білім инфрақұрылымын дамытуға кері әсер етті» деді Ахметжанұлы. 

Сондай-ақ «нысаналы мектептер» жобасы да нәтиже бермей, қаржы мен есептіліктің артуына әкелген.

Мұғалімдерге қысым мен марапаттың құнсыздануы

Маман министрдің қызметінде мұғалімдерге қосымша ауыртпалық жүктеліп, артық шараларға тартылғанын айтады. Сын-пікір айтқан педагогтардың қуғынға ұшырауы да қоғамда теріс әсер қалдырған. 

Ал марапаттар мен грамоталардың шамадан тыс таралуы олардың беделін түсірген.

Коррупциялық тәуекелдер мен жекеменшік мектептердің мәселесі

Ахметжанұлы экс-министр тұсында ақылы олимпиадалар мен курстардың көбеюін «түсініксіз бизнес» деп бағалады. Жекеменшік мектептердің қаржы ала алмай тентіреуі де үлкен проблемаға айналғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, оқу-ағарту министрлігі шын мәнінде шашылып қалды. Жаңа министрге ауыр жүк қалдырылды. Бюджет тапшылығы мен орынсыз жоспарлаудың зардабын орта білім саласы әлі де тартады», - деді Аятжан Ахметжанұлы.

Ал қоғам белсендісі Тортуыл Шоқан болса, Президенттің министрді ауыстыру туралы шешімін оң бағалап, білім саласында ашықтық пен әділдік орнату қажеттігін атап өтті. 

Оның пікірінше, жаңа басшы саладағы коррупцияға жол бермей, бюджет қаражатын аудандық деңгейге қайта бөлуге күш салуы тиіс.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz