Айдын Рахымбаев арнайы хат жариялап, отбасы жинаған байлықтың басым бөлігін қайырымдылық пен қоғамдық жобаларға бағыттайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, жұбайымен бірге өмір бойы адал еңбек етіп, капитал жинаған. Алайда уақыт өте келе дәулеттің басты мақсат емес, адамдарға пайда әкелудің құралы екенін түсінген.
«Жинаған дүниеміздің жартысынан көбін тірі күнімізде қоғам игілігіне жұмсауды жөн көрдік. Мұқтаж жандарға көмектесу — біздің азаматтық әрі адамгершілік парызымыз», – делінген мәлімдемеде.
Айдын Рахымбаев пен жұбайы өздерінің қарапайым ауылдан шыққанын айтып, қолда бар мүмкіндікті елге қызмет етуге бағыттау — саналы таңдау екенін атап өтті.
Сондай-ақ олар бұл бастаманы балалары да қолдап отырғанын жеткізді. Отбасы қайырымдылық дәстүрін келесі буын жалғастырады деген сенім білдірген.