World Population Review 99 елдің ұлттық асханасына қатысты рейтинг жариялап, Қазақстанды ең төмен бағаланған елдердің қатарына қосты, деп хабарлайды Kznews.kz.
Зерттеу мәліметіне сай, Қазақстан 3,9 ұпай жинап, жалпы тізімде 92-орыннан көрінген. Рейтингте ең жоғары нәтижелер Жерорта теңізі аймағы мен Азия елдерінің асханасына бұйырыпты.
Көш басында 4,6 ұпаймен Грекия тұр. Одан кейінгі орындарға Италия (4,59) мен Мексика (4,52) жайғасқан.
Жарияланым авторлары алғашқы ондықтың 2024 жылмен салыстырғанда көп өзгермегенін атап өтеді. Бұл қатарда Италия, Мексика, Түркия, Испания, Португалия, Индонезия, Франция, Жапония және Қытай бар. Ал 2025 жылы ең жоғары бағаланған асхана ретінде Грекия бірінші орынға көтерілген.
Ал рейтингтің соңғы үш сатысын Никарагуа, Лаос және Боливия асханалары түйіндеп тұр. Құрастырушылардың нұсқасында бұл елдер «ең дәмсіз асхана» санатына енгізілген.
Рейтингті жасағандар бағалау тәсілі қолданушылар пікірі, сауалнама нәтижелері және ашық дереккөздерге сүйеніп түзілетінін нақтылаған. Айтуларынша, қорытынды шамамен 400 мыңға жуық жеке пікірдің негізінде шығарылған. Сондықтан мұндай тізімдер шартты екенін, талғамның әр адамда әртүрлі болатынын да ескертеді.