KZNEWS.KZ
Әлем

Berlin Today: Қазақстан жеті жылда қалай өзгерді?

Фото иллюстрация: kznews

Ал Қазақстанға қатысты материалда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келген кейінгі жеті жылдағы саяси-экономикалық ахуал сөз болады.Төменде kznews.kz оқырмандарына аталған мақаланы ықшамдап ұсынып отырмыз.

"Қазақстан соңғы жеті жылда экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан елеулі өзгерістерден өтті. Экономика көлемі ұлғайып, шағын және орта бизнестің ауқымы кеңейді, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысы артты. Өнеркәсіпке инвестиция көбейіп, елдің өңірлік экономикалық рөлі күшейді" деп жазады Berlin Today басылымы қазанда жариялаған "Қазақстанды өзгерткен 7 жыл мақаласында.

Басылым Қазақстанның 2019 жылдан бергі даму кезеңін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсындағы экономикалық саясатпен байланыстырады.

Berlin Today сарапшылары Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі жеті жылда 50 пайыздан астам өскенін атап өтті. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 14,7 мың доллар болған.

Мақалада кәсіпкерліктің кеңеюі Қазақстан экономикасындағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде көрсетілген. 2026 жылғы 1 қаңтарда елде 2,36 миллион тіркелген бизнес субъектісі болды. Бұл бағыт 4,53 миллион адамға жұмыс берген. Яғни, осы салада жұмыспен қамтылғандар экономикалық белсенді халықтың 46,6 пайызын құрайды.

Бұл Қазақстан экономикасында шағын бизнестің рөлі едәуір артқанын көрсетеді. Бірақ ю, бұл мемлекеттің экономикадағы және ірі бизнестің үлесі төмендеді дегенді білдірмейді. Berlin Today де осы құрылымдық мәселенің сақталғанын атап өтеді.

Соңғы жылдары экономикалық өсім тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы арқылы да көрінді. 2025 жылы Қазақстанда 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сол жылы 234 мектеп пен 61 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды. Ал 2023–2025 жылдары елде 813 медициналық нысан салынған. Оның 655-і ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері. Бұл мәліметті Денсаулық сақтау министрлігі растаған.

2025 жылы Қазақстандағы туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Оған демографиялық, әлеуметтік және медициналық факторлардың жиынтығы әсер етеді.

Berlin Today Қазақстан экономикасының мұнай мен басқа да шикізатқа тәуелділігін азайту үшін өңдеу өнеркәсібін дамытуға ұмтылып отырғанын жазады. Мысал ретінде автомобиль өндірісі келтіріледі. Басылымның мәліметінше, соңғы жеті жылда Қазақстанда шамамен 800 мың автомобиль өндірілген.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жобалар да өнеркәсіптік базаның кеңеюін көрсетеді. Үкіметтің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай бұл аймақтарда 860 жоба жүзеге асырылып, 57,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. 2030 жылға дейін тағы шамамен 200 жоба іске асырылуы жоспарланған.

Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық салмағын инвестиция көлемі де көрсетеді. 2025 жылы елге келген тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 20,5 млрд доллар болды. Үкімет бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға артқанын хабарлады.

Басылымның жазуынша, Қазақстанның артықшылығы тек табиғи ресурстармен шектелмейді. Елдің ауқымды ішкі нарығы, көлік-логистикалық орналасуы, қаржы инфрақұрылымы және Қытай, Ресей, Еуропа және Орталық Азия нарықтарымен байланысы инвесторлар үшін маңызды фактор болып отыр.

Berlin Today осы ерекшеліктерге сүйеніп, Қазақстанды Орталық Азиядағы «басты экономикалық платформа» деп бағалайды. Бұл - басылымның авторлық тұжырымы. Ал оның негізіндегі экономикалық көрсеткіштер Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономика екенін көрсетеді.

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасының көлемі ұлғайды. ЖІӨ өсті, шағын және орта бизнес кеңейді, инвестиция көлемі жоғары деңгейде қалды, өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылым дамыды. Дегенмен, Қазақстанның соңғы жеті жылын біржақты жетістік ретінде емес, экономиканың көлемі мен мүмкіндіктері кеңейген, бірақ құрылымдық өзгерістер әлі аяқталмаған кезең ретінде бағалауға болады. Berlin Today мақаласының негізгі тезисі де осыған саяды.

"Қазақстан 2019 жылмен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан іріленді және өңірдегі салмағын арттырды. Ендігі мәселе осы өсімді халықтың нақты табысына, өнімді жұмыс орындарына және шикізаттан тыс тұрақты экономикалық модельге айналдыру" деп түйіндейді сараптаманы мақала авторлары.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →