Махаббат Есеннің телевизия, радио және стратегиялық коммуникациялар саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол журналистика бакалавры, менеджмент магистрі және Doctor of Business Administration (DBA) бағдарламасының докторанты.
Сонымен қатар Fowler International Academy халықаралық коучы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қауымдастырылған профессоры.
Махаббат Есен стратегиялық коммуникациялар, медиаменеджмент, шешендік өнер және көшбасшылық бағыттары бойынша сарапшы әрі оқытушы ретінде де еңбек етеді. Ол бизнес-мектептер мен жоғары оқу орындарында шақырылған лектор ретінде дәріс оқиды.
Журналист ұлттық және халықаралық медиа, мәдени-ағартушылық жобалардың авторы әрі продюсері. Сондай-ақ UNESCO Clubs Kazakhstan елшісі.
Әр жылдары Astana Media Week, «Тұмар», «Үркер» ұлттық сыйлықтары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі», Media Vision 2023 және Media Forum European Union 2024–2025 секілді жобалар мен форумдарды ұйымдастыруға атсалысқан.
Теле және радиожурналист ретінде EXPO 2017, Academy Awards («Оскар») және Eurovision Song Contest секілді ірі халықаралық іс-шараларда жұмыс істеген.
Махаббат Есен – «ШҮКІР. Как быть счастливым по-казахски» кітабының авторы.
«NS Радиосы» 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқы эфирі 6 наурызда Алматыда тараған. Қазір радиостанса тәулік бойы хабар таратып, Қазақстанның 70 ірі елді мекенін қамтиды.