Қазақстанның белгілі жазушысы, ақын, музыкант, Қазақстан Жазушылар және Композиторлар одақтарының мүшесі, "Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Тілеуғазы Бейсембек дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаралы хабарға байланысты "Астана Опера" театрының ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Тілеуғазы Бейсембек шығармашылық жолында әдебиет пен музыканы қатар алып жүріп, өмірін отандық мәдениетті дамытуға арнаған.
Ол Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, ұзақ жылдар бойы педагогикалық және басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ бірнеше буын дарынды музыканттардың қалыптасуына үлес қосты.
Қаламгер көптеген поэзиялық және музыкалық шығармалардың, ғылыми еңбектер мен балаларға арналған туындылардың авторы.
Оның "Самұрық келген таң" музыкалық ертегісі 2018 жылдан бері "Астана Опера" театрының сахнасында қойылып келеді.
Сонымен қатар Тілеуғазы Бейсембек "Қыпшақ қызы Аппақ" операсының либреттосын жазған. Туындының әлемдік премьерасы 2026 жылдың мамыр айында "Астана Опера" сахнасында өтті.
"Астана Опера" ұжымы қазақ әдебиеті мен музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгердің есімі мен шығармашылық мұрасы халық жадында сақталатынын атап өтті.