Қазақстанның белгілі журналисті, ақын, прозашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты және «Ақпарат саласының үздігі» атағының иегері Жұмабек Айдарбекұлы Табынбаев өмірден озды, деп хабарлайды kznews.kz.
Осыған байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестері мен барша оқырманына көңіл айтты.
Ведомствоның мәліметінше, Жұмабек Табынбаев саналы ғұмырын қазақ журналистикасы мен руханиятының дамуына арнаған. Ол еңбек жолын 1978 жылы бастап, өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарды.
Журналистік қызметімен қатар ақын және прозашы ретінде де танылған қаламгердің «Өмір – керуен», «Соғыс туралы шындық», «Жадымдасың, жарқын бейне» секілді кітаптары оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды. Оның шығармалары ұлттық әдебиет пен публицистиканың дамуына елеулі үлес қосты.
Министрлік Жұмабек Айдарбекұлының кәсіби шеберлігі, азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеттері кейінгі буын журналистерге әрдайым үлгі болып қала беретінін атап өтті.
Марқұмның жарқын бейнесі мен есімі ел жадында сақталады. Отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Жаны жәннатта, иманы саламат болсын.