Қызметкерлерге баспана, қауіпсіз еңбек және лайықты жалақы: «Әділет» партиясы әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес құруға шақырады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Белгілі қаламгер Бекжан Әшірбаев дүниеден өтті

Белгілі қаламгер Бекжан Әшірбаев дүниеден өтті
Фото: adebiportal.kz

Қазақ журналистикасы мен әдебиетінің және айтыс өнері мен ұлттық музыкасының дамуына өзіндік үлес қосқан белгілі қаламгер, ақын, сазгер, журналист, ұстаз Бекжан Төребекұлы Әшірбаев дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.

Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Еңбек жолын журналистика саласымен қатар ұстаздық қызметпен ұштастырып, ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ-да болашақ журналистерге дәріс берді.

Ол әр жылдары "Қазақ университеті", "Ел мен жер", "Заң" газеттерінде бас редакторлық қызмет атқарып, "Қазақ әдебиеті", "Жас қазақ үні" басылымдарында да жауапты қызметтерде болды. Бекжан Төребекұлы осы кезеңде баспасөз саласында өз қолтаңбасын қалыптастырып, журналистиканың кәсіби мектебіне үлес қосты.

Бекжан Әшірбаевтың шығармашылық жолы журналистикамен ғана шектелген жоқ. Ол республикалық ақындар айтысына 1989 жылдан бастап қатысып, суырып салмалық өнерінде өзіндік өрнегімен танылды. Ақындықпен қатар сазгерлік қырын да танытып, "Көршінің қызы" секілді көпшілікке белгілі әндердің авторы атанды.

Қаламгердің әдеби шығармашылығы да оқырман қауымның назарынан тыс қалған жоқ. 2025 жылы оған Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығы берілді.

Марқұм БекжанТөребекұлы Әшірбаевтың елге сіңірген еңбегі мен шығармашылық мұрасы, журналистикаға, әдебиетке және айтыс өнеріне қосқан үлесі кейінгі буын үшін де қымбат қазына болып қала бермек.

kznews.kz ақпарат агенттігінің редакция ұжымы белгілі қаламгердің өмірден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.