Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының әншісі Марат Мәметбакиевтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрлік марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне және өнерсүйер қауымға қайғыра көңіл білдірді.
Марат Мәметбакиев саналы ғұмырын өнерге арнап, қазақ және ұйғыр музыкалық мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Ол Қ. Қожамияров атындағы театрда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, сахнада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі болды.
Сонымен қатар Марат Мәметбакиев елге кеңінен танылған "Яшлык" вокалды-аспаптық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі ретінде ұлттық эстраданың дамуына да елеулі еңбек сіңірді.
Өнерге деген адалдығы, сахнадағы шеберлігі және ұлттық мәдениетті дамыту жолындағы еңбегі көпшіліктің құрметіне бөленді.
Марат Мәметбакиевтің жарқын бейнесі мен халқына қалдырған рухани мұрасы ел жадында сақталады.
Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жайлы болсын.