KZNews.kz
Жаңалықтар

"Бекежанмен" қоштасуға топырлап барған жұрт "Қожамен" қоштасуға сондай легімен келмеді (ФОТО)

Қайсар Қанат
Qaz365.kz/ Бауыржан Карипов

"Мәңгілік бала бейнесі" тентек мінез, ақылды Қожа" ретінде қалған Нұрлан Санжар (Сегізбаев) өмірден өтті (1951-2025). Кейіпкеріміз кезінде (2009 жылы) "Жазушылар одағына бармаймын, ондағылар біз сияқты киногерлерді жақтырмайды" деген екен. Бала кезінен танымал болған актер әрі сценарист ағамыздың денесі өзінің соңғы үйіне "өзін жақтыра қоймаған" одақтың ескі ғимаратынан аттанды.

Уақыт өте реніші басылған болар, шығармашылық үйіне қатысты пікірі өзгеруі де мүмкін, қалай болғанда да ауыр дертке шалдыққан ағамыздың өзі өтініш айтып, аз уақыт бұрын ғана “киногерлерді жақтырмайтын” одаққа мүше болып қабылданыпты.

"Бекежанмен" қоштасуға топырлап барған қалың қауым "Қожамен" қоштасуға сондай легімен келе қойған жоқ. Оннан бірі де келмеді (мүмкін "жиырмадан бірі" немесе "отыздан бірі" келген шығар). Мұны да түсінуге болады. “Сабақтан жиі қашқыш, мұғалімді ренжіте бергіш тентек Қожаны" кинода сомдаған Нұрлан ағамыз өмірде мүлдем басқа адам болған сияқты. Интеллигент. Артық сөзі жоқ. Ұстамды. Сабырлы.

Бала кезінде түскен фильмі арқылы елге кеңінен танылып үлгерсе де кино бағытына бет бұрмай (актерлік кәсіптен алыс) институттың филология факультетін бітіріп, орыс тілінің мұғалімі болып біраз уақыт жұмыс істеген екен. Кейінірек (27 жасында) әйгілі ВГИК-тің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, сценарист мамандығы бойынша сабақ алыпты. Содан бері "телевизия, кино, әдебиет саласында жұмыс істеп жүріпті".

Қаншама жылдар бойы үйсіз-күйсіз жүргенін естіген (сол кездегі қала әкімі) Иманғали Тасмағамбетов пәтер бергізген екен (бұл кісіге). Әкесінің "өмірлік ережесін" ұстап, ешкімнен ештеңе сұрамай тірлік еткен Нұрлан Санжарұлы атаққа да, марапатқа да қызықпаған жан еді. Қарапайым адам ретінде ғұмыр кешті, қарапайым адам ретінде өмірден өтті.

"Менің атым Қожа" фильмі экранға 1964 жылы шығыпты. Дүние есігін ашқан жылым бұл. Жаңа жылда менің қатарластарым 62 жасқа толады (Құдай қаласа). Ал "Қожа" 12-13 жасындағы бала қалпында қалады мәңгі.

Иманды болыңыз, Қожа!
Жасай беріңіз, Қожа!
28.12.2025

Жазба Серік Абас-Шахтың Instagram парақшасынан алынды.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары