Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында үш бірдей бүлдіршіннің өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты алғашқы сот отырысы бүгін өтпек. Қайғыдан қабырғасы қайысқан ана Таңшолпан Қанатқызы кінәлілердің барлығы жауапқа тартылсын деп талап етеді, деп хабарлайды kznews.kz.
32 жастағы Таңшолпан марқұм үш қызынан бөлек бір ұлдың анасы. Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында тұратын төрт балалы отбасы – айрандай ұйып отырған шаңырақ еді.
"Үлкен қызым Айзере – үшінші сыныпта, Назерке – екінші сыныпта оқыды. Кішкентайым Аяжан 3 жаста ғана болатын. Балалар аулада ойнап жүрген. Жүргізуші қақпаны қағып кіріп келіп, оларды басып кетті. Жанында әйелі бар еді. Ал өзі артқы орында отырдым деп айтты. Қыздар Бестерекке нағашы ата-әжесіне демалысқа барған болатын", – деп еске алды ана.
Марқұм балалардың ата-анасы күдіктіні бұрыннан таниды екен.
"Ол – біздің ауылдасымыз. Әке-шешем де біледі. Ауылдың бәрі оның эпилепсиямен ауыратынынан хабардар. Соған қарамастан, заң органдары оның жүргізуші куәлігін қайтармаған. Бұл – үлкен салғырттық", – деді Таңшолпан.
Оның айтуынша, күдікті 2013 жылдан бері талма дерті бойынша есепте тұрған.
"Ауыл әкімдігі, учаскелік полицейлер – бәрі оның қандай сырқатпен есепте тұрғанын білуге міндетті еді. Қалайша мұндай адам көлік айдап жүрген? Қандай тексерістен өткен? Бұл жерде заңсыздық өте көп. Барлығы тексеріліп, кінәлілер жазасын алсын. Сот әділ өтсе екен деймін. Күдіктінің ұлы бізді кешірді деп айтып жүр, бірақ мұндай қасіретті кешіру мүмкін емес. Егер сол күні әкесі рөлге отырмаса, бұл қасірет болмас па еді…" – деді ол.
Үш қызынан айырылған ана олардың әрқайсысын көзіне жас алып, сағынышпен еске алды.
"Айзере 38 күн жансақтау бөлімінде жатып көз жұмды. Үш баламды ауылға алып барып, жер қойнына тапсырдық. Қыздарым өте зерек, мектепте үлгілі оқушы болатын. Олимпиадаларға қатысып, мақтанышымыз болып жүрді. Болашағынан үлкен үміт күтіп едік. Мәпелеп өсірген сәбилерімнен қапыда айырылып қалдым. Бейкүнә періштелерімнің жоғына әлі күнге дейін сене алмаймын. Түнімен ойлаймын, күндіз сағынамын. Олардың орнын ештеңе баспайды", – деп көз жасына ерік берді Таңшолпан.