KZNEWS.KZ
Саясат

Бавария премьер-министрі Тоқаевқа футболшылардың қолы қойылған жейде сыйлады

• Айгерім Асылова
Фото: akorda.kz

Германияға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізді, деп хабарлайды kznews.kz

“Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалаймын. Кеше Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Уағдаластықтарымызды нақты нәтижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәселеде Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия экономикасын алға сүйреп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, Баварияның технологиялық табыстары мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге айтарлықтай мүмкіндік бар.

Премьер-министр Маркус Зёдер жаңа өсім бағыттарын іздеуге айрықша мән беретін Бавария Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Фото: akorda.kz

Сондай-ақ ол елімізде табысты жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсеткен қолдауы үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді.  

Кездесу соңында Тоқаев Бавария премьер-министрімен қонақжай қазақ жерінде жүздесуді асыға күтетінін айтты.

Бавария премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа мюнхендік "Бавария" ойыншыларының қолы қойылған жейдені сыйға тартты.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Германиямен миллиардтаған долларлық шартқа қол қойғаны туралы жазған едік.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →