Қоғам белсендісі әрі заңгер Бауыржан Заки Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Заңгердің айтуынша, жоғары оқу орны қызметкерлері бүгін университет басшысының лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын және оның жұмыс кабинетінде тінту жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
«Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте қызмет атқаратын қызметкерлердің айтуынша, бүгін университет ректоры Нұрлан Серғалиев лауазымдық міндетін асыра пайдалану фактісі бойынша ұсталып, жұмыс орнында тінту жұмыстары жүргізілуде», – деп жазды Бауыржан Заки Facebook-тегі парақшасында.
Оның мәліметінше, ректорға қатысты қылмыстық қудалау ісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
Әзірге құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Сондай-ақ Нұрлан Серғалиевке нақты қандай айып тағылып отырғаны және тергеудің өзге мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.
Ресми органдардан қосымша ақпарат жарияланған жағдайда материал толықтырылатын болады.