Өзбекстанның Наманган облысында мұғалімнің бірінші сынып оқушысын ұрған сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Оқиға бойынша мектепте қызметтік тексеру басталып, ұстаздың әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Өзбекстанның Наманган облысында бастауыш сынып мұғалімінің бірінші сынып оқушысын ұрған сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды kznews.kz
Кадрларда ұстаздың оқушыны ұрсып, бетінен бірнеше рет ұрғаны көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, мұғалім бала кітаптағы мәтінді оқи алмағаннан кейін оған күш қолданған.
Оқиға 16 қыркүйекте сағат 10:30 шамасында Қасансай ауданындағы №39 мектепте болған. Бұл туралы Наманган облысының Мектепке дейінгі және мектептік білім басқармасы мәлімдеді.
Қазір мектепте арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Мамандар мұғалімнің әрекеті мен мектеп басшылығының жауапкершілігіне құқықтық баға бермек.
Тексеру нәтижесіне қарай кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылатыны хабарланды.
Айта кетейік, Өзбекстанда білім беру ұйымдарында балаларға физикалық немесе психологиялық күш көрсетуге қатысты жауапкершілік күшейтілген. Егер әрекеттен ауыр қылмыс белгілері анықталмаса, педагогке 1-ден 5 базалық есептік шамаға дейін айыппұл салынып, бір жылға дейін мұғалімдік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.