Қарағанды облысында мәдениет үйінің сыртқы қаптамасы опырылып түсіп, 2,5 жастағы сәби ауыр жарақат алды. Қайғылы оқиға салдарынан бала жансақтау бөліміне түсіп, тіпті жүрегі тоқтап қалғаны хабарланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Дәрігерлер бүлдіршінді шұғыл түрде Қарағанды қаласына жеткізіп, оның өмірін сақтап қалу үшін медикаментозды комаға енгізген. Қазіргі таңда жағдайы тұрақтанғанымен, өте ауыр деп бағалануда.
Медициналық мәліметтерге сәйкес, қатты соққыдан кірпіш сәбидің бас сүйегін тесіп өткен. Шұғыл ота барысында дәрігерлер сүйек сынықтары мен зақымданған тіндерді алып тастаған. Сонымен қатар, бала шамамен 1 литр қан жоғалтқан.
Ата-анасының айтуынша, ғимарат қаптамасы бұған дейін де бірнеше рет құлаған, алайда бұл мәселеге жауапты органдар тиісті көңіл бөлмеген. Қазір анасы Сабина Кауапова ұлының аман қалуына үміт артып отыр.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші тараптың адвокаты Александр Кушнир істің ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, отбасы моральдық және емдеу шығындарын өтеуді талап етіп отыр.