Шымкент тұрғыны 20 жастағы ұлын Ресейден қайтара алмай отырғанын айтып, елден көмек сұрады. Анасының сөзінше, баласын жалақысы жоғары жұмысқа шақырған, алайда кейін оның соғысқа жіберілмек болғаны белгілі болған. Бұл жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жігіттің анасы Перизат Елеусізованың айтуынша, ұлын бас бостандығынан айырумен қорқытқан.
«Егер бармайтын болсаң, 15 жылға соттатып жібереміз деген. Қорыққанынан еріп кете берген ғой. Енді қазір күнде хабарласады. Жанайқайы шығып жылап, "құтқарыңызшы, анашым" деп. Балам қазір полигонда отыр екен», – дейді ол.
20 жастағы азамат бұған дейін Қазақстанда әскери борышын өтеп, кейін күзетші болып жұмыс істеген. Анасының айтуынша, ұлы Ресейден келген шақырту туралы әскерден оралғаннан бері айтып жүрген. Жалақысы жоғары, жатын орны мен тамағы тегін деген соң, анасы оның баруына келісім берген.
Жігіттің жақындары бұған дейін тиісті органдарға жүгінген.
СІМ өкілдері бұл мәселе бойынша Ресей Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданғанын мәлімдеді.
«Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздың нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз», – деді министрлік өкілдері.
Ал заңгер Мейірман Шекеев шетелге жұмысқа барарда ауызша уәдеге емес, ресми келісімшартқа назар аудару керектігін ескертті. Оның айтуынша, мұндай жағдай бойынша ата-аналардан шағымдар түсіп тұрады.
«Келісімшартта не жазылып тұр, сол ғана болады. Менеджерлердің барған кезде керемет қонақ үй, жоғары жалақы аласыздар деген сөздері жазбаша келісімшартта жоқ болса, ол орындалмайды», – деді заңгер.