Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейінгі өзгерістер туралы айтты. Президент журналистермен болған брифингте Вице-президент лауазымына кандидаттың аты-жөні алдағы 7–10 күн ішінде белгілі болатынын тұспалдады.
Президенттің сөзінше, бұл қызмет Конституцияға әдейі енгізілген және қазіргі күрделі кезеңде ел үшін аса қажет.
- Кім Вице-президент қызметін атқаратыны келесі апта немесе он күн ішінде белгілі болады. Қазір оның есімін атау ертерек. Меніңше, бұл бәріңіз жақсы білетін танымал адам болады, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев сондай-ақ сайлаудан кейін Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Оның пікірінше, жаңа орган бұрынғы Ассамблеяның жұмысын күшейтіп, дамытатын көпфункционалды саяси механизм болмақ.
Президенттің айтуынша, алдағы кезеңде елде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталықтары, аудандар мен қалаларда емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынбақ.
Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру және «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыру да негізгі міндеттердің қатарында.
Тоқаев электоралдық науқан жалпы жақсы өткенін атап өтіп, саяси аренаға жаңа тұлғалардың шыққанын және мазмұнды, конструктивті ұсыныстар айтылғанын жеткізді.
Президенттің пікірінше, Құрылтай Қазақстанның дамуына жаңа серпін береді.