Француз жазушысы Роже Мартен дю Гар (Roger Martin du Gard) 1881 жылы 23 наурызда Нейи-сюр-Сен қалашығында, ауқатты заңгерлер жанұясында өмірге келген. Мартен 11 жасқа толғанда ата-анасы католиктік мектепке береді. Ол жерде жазушы неотомизм жетекшілерінің бірі аббат Марсел Эбердің қол астында тәлім алады.
Бала Мартен өте ерке болғандықтан, сабаққа салғырт қараған. Оның болашағына алаңдаған ата-анасы сол кездегі абыройлы ұстаздардың бірі, профессор Луи Меллериоға білім алу үшін жібереді. Бірнеше ай бойы профессордың қатаң қадағалауының арқасында Мартен жүйелі білім ала бастайды. Жасы ұлғайған сайын әртүрлі зиялы орталарда болған ол зияткерліктің керек екенін түсініп, енді өзі еңбектене бастайды. Осылай 17 жасында Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" романымен танысады. Кейін өзі туралы естеліктерінде жазушы: "Толстой жазушы боламын деген арманымды тағы да арттырды" деп жазады.
1908 жылы тырнақалды туындысы "Қалыптасу" (Devenir) романын жазады. Бұл романын өз ақшасына баспадан шығарады. Шығармада жазушы болуға ұмтылған, бірақ еңбегі зая кеткен жас қаламгердің өмірі баяндалады. Осы кітаптан соң, ол өзін толыққанды жазушы ретінде сезіне бастайды. Келесі романын "Мариз" деп атамақшы болады. Бірақ шығарма ұнамаған соң, мұны жариялаудан бас тартып, жойып жібереді. Жалпы, Мартен өзіне қатты сын көзбен қарап "Мариз" сияқты сәтсіз шығармаларын жиі өртеп жіберген. Сәтсіздіктен соң келесі шығармасын жазуға кіріседі. 1913 жылы "Жан Баруа" ("Jean Barois", 1913) деген атпен жарияланған романы оған әдебиет әлемінде алғашқы танымалдылықты алып келеді.
1937 жылы Швед академиктері Роже Мартен дю Гарға "Заманына сай әлеуметтік жағдай мен кейіпкерлерді шыншылдықпен айқын сипаттағаны үшін" әдебиет саласы бойынша "Нобель" сыйлығына лайық деп табады.