KZNews.kz
Қоғам

Балиде ресейлік қызбен төбелесіп қалған қазақ қызына үкім шықты

Торғын Абушахман

Қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекова Бали аралында ресейлік блогер Карина Фадеевамен болған жанжалдан кейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді,деп хабарлайды kznews.kz.

Істің аяқталғаны туралы Фадеева өзі хабарлады. Оның айтуынша, сот ақшалай өтемақы төлеу және төрт аптаға қамау түріндегі жаза тағайындаған.

– Мен кешірім бердім, ал егер адам бұл жайттан қорытынды шығармаса, онда өмір бәрібір ерте ме, кеш пе өз орнын көрсетеді, – деп жазды блогер.

Бұған дейін ресейлік азаматша Бали аралында оған модель Гүлсезім Алтайбекова шабуыл жасады деп мәлімдеген. Фадееваның сөзінше, оқиға барда болған: Алтайбекова жігітімен бірге отырған кезде қызғаныш үстінде оған шыны бөтелке лақтырған көрінеді. Кейін модель кешірім сұрағанымен, келтірілген шығынды өтеуден бас тартқан. Сондай-ақ оның ұсталғаны туралы да ақпарат тараған.

Ашық дереккөздерге сәйкес, Гүлсезім Алтайбекова 2022 жылы «Мисс ТМД» байқауында Қазақстанның атынан қатысқан. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтың ұсталғанын растады. Сонымен қатар жанжал болған бар өкілдері әйнек стақанды бірінші болып Фадееваның құрбысы лақтырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, мекеме әкімшілігі бірден араласып, зардап шеккен адам жедел түрде клиникаға жеткізілген, ал бейнебақылау камераларындағы жазбалар полицияға тапсырылған.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →