KZNews.kz
Жаңалықтар

Балаларды шетелге емдетуге жіберу екі есе қысқармақ — министрліктің жаңа жоспары

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Қазақстанда диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын кеңінен енгізу арқылы балаларды шетелдік клиникаларға жіберу көрсеткішін екі есеге төмендету көзделіп отыр, деп хабарлайды Kznews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Министрлік келтірген дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда-ақ нәтиже байқалған: бағаналы жасуша трансплантациясы үшін өзге елдерге жүгіну 3 есеге, ал кардиохирургиялық көмекке жолдама беру 5,2 есеге азайған.

Ведомствоның айтуынша, қазір еліміздің өз ішінде жыл сайын 2 мыңнан астам балаға жүрекке күрделі операция жасалады. Бұл — жоғары технологиялы көмектің Қазақстанда қолжетімді бола бастағанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Биыл медицина саласын дамытудың басым бағыттары ретінде йодтерапия, протондық терапия және тамырлы ақауларды жою әдістерін отандық клиникаларда толық қолжетімді ету жоспарланып отыр. Сонымен бірге ауруханаларда гибридті операциялық бөлмелер ашылып, жаңа технологиялар енгізілуде.

Сондай-ақ «гамма-пышақ» аппараты арқылы күрделі радиохирургиялық операциялар да сәтті орындалып жатқаны айтылды. Министрдің пікірінше, осы кешенді қадамдар балалардың шетелде емделу қажеттілігін айтарлықтай азайтып, сапалы медицинаның ел ішінде қолжетімді болуына жол ашады.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →