KZNEWS.KZ
Әлеумет

Балалар арбасымен автобусқа мінуге болмай ма? Министр ережені қайта қарамақ

• Асқар Алтайұлы
Фотоиллюстрация: kznews

Жолаушылардың алаңдаушылығына байланысты Көлік министрлігі арнайы түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Жаңартылған ережеге сәйкес, автобус лық толған жағдайда, егер ата-анаға арналған бос орын болса, балалар арбасын жинау қарастырылған. Бұл талап салондағы жүріп-тұруға кедергі келтірмеу мақсатында енгізілген.

Алайда әлеуметтік желіде жаңа талапқа қатысты түрлі ақпарат тарады. Кейбір қолданушылар енді балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым салынады деген пікір білдірген.

Көлік министрлігі мұндай ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның түсіндіруінше, балалар арбасын жинамағаны үшін жолаушыны автобустан түсіруге немесе айыппұл салуға болмайды. Егер баламен бірге арбаны жинау қолайсыз болса, оны ашық күйінде қалдырып, сапарды жалғастыруға рұқсат етіледі.

Бұл мәселеге жаңа көлік министрі Әсел Жанасова да назар аударды. Ол қоғамдық көлікте балалар арбасын тасымалдауға қатысты ережелерді қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.

Осылайша, Қазақстанда балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салынбаған. Дегенмен жолаушылардың қауіпсіздігі мен қоғамдық көліктегі қолайлылықты қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде қалып отыр.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →