«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері Түркістанда кәмелетке толмаған балаға сексуалдық сипаттағы хабарламалар жіберді деген күдікке ілінген ер адамды әшкерелегенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қозғалыстың хабарлауынша, «124» азаматтық кампаниясы аясында әлеуметтік желіде 12 жастағы баланың атынан аккаунт жүргізілген. Оған «Туркестан» деген лақап атпен тіркелген қолданушы хабарлама жаза бастаған.
Белсенділердің мәліметінше, ер адам әңгімелесушісінің кәмелетке толмағанын білген. Соған қарамастан, хат алмасу барысында интимдік қарым-қатынас туралы сөз қозғап, сексуалдық сипаттағы видео жіберген.
Кейін қыздың үйде жалғыз қалғанын білген ер адам онымен кездесуге келген. Алайда подъезд алдында оны «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері күтіп тұрған.
Қозғалыс өкілдері күдіктінің 1998 жылы туған, үйленген ер адам екенін мәлімдеді. Белсенділермен кездескен кезде ол хат алмасуға қатысы барын жоққа шығарған. Ұйым өкілдері оған алдын ала жинақталған скриншоттар мен өзге де материалдарды көрсеткен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды. «Жаңа адамдардың» мәліметінше, жиналған материалдар мен хат алмасу деректері құқық қорғау органдарына әрі қарай тексеру және тергеу жүргізу үшін тапсырылған.
«Балалардың қауіпсіздігі өзімізден, біздің әрекетімізден басталады. Мұндай жағдайларға “бұл менің шаруам емес” деп қарамауымыз керек», – деді «Жаңа адамдар» өкілі Алтынай Қаликанова.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ер адамның кінәсі туралы сот үкімі шыққаны жөнінде ақпарат жоқ. Сондықтан оған қатысты түпкілікті құқықтық бағаны тергеу органдары мен сот береді.