Дислексия дерті мен дауасы: неге"нашар оқитын" балалар саны көбейіп барады?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Бала күндерінде ажырап кеткен бауырлар 54 жыл өткеннен кейін қайта табысты (ВИДЕО)

Бала күндерінде ажырап кеткен бауырлар 54 жыл өткеннен кейін қайта табысты (ВИДЕО)
stan.kz коллажы

Орал қаласында жүрек тебірентерлік оқиға болды. Балалық шақта бір-бірінен көз жазып қалған төрт бауыр 54 жылдан кейін қайта табысты. Анасы қайтыс болған соң әртүрлі балалар үйлеріне бөлініп кеткен ағайындыларды жылдар бойы іздеген үлкен ағасы ақыры отбасын қайта қосты, деп хабарлайды kznews.kz.

Stan.kz жазуынша, анасы дүниеден өткеннен кейін төрт бала жан-жаққа тараған: үшеуі Ақтөбедегі балалар үйлеріне жіберілсе, кенжесі Аманбек Оралға орналастырылған. Ол кезде кішкентай Аманбектің есту және сөйлеу қабілетінде ақау болғандықтан, арнайы әлеуметтік интернатқа түскен.

Жылдар өте келе үлкен ағасы Жетпісбай Қасмұханов бауырларын іздеуді өзіне мақсат етеді. Алдымен ол бауыры мен қарындасын тауып, байланыс орнатады. Алайда ең қиыны – Аманбекті табу болған. Себебі ол басқа фамилиямен тіркеліп, әкесінің аты құжаттарда көрсетілмеген.

Ағасы іздеу барысында түрлі жолдарға жүгінген. Тіпті "Жди меня" бағдарламасына да хат жазып, әлеуметтік желілер арқылы да іздестірген. Бірақ ұзақ уақыт нәтиже шықпаған. Тек мұқият тексерістер мен құжаттарды салыстырудан кейін ғана бауырлар бір-бірін тауып, көптен күткен кездесуге қол жеткізді.

Қазір Аманбек 57 жаста. Денсаулығына байланысты ол 40 жылдан астам уақыт бойы Оралдағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып келеді. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, ол әрдайым "бауырларым бар" деп айтып жүретін болған.

Жетпісбай Қасмұханов үшін бұл – көп жылғы арманының орындалуы.

"Бізді айырғанда мен тоғыз жаста едім. Әскерден келген соң бауырларымды іздеуге бел будым. Ең қиыны – Аманбекті табу болды. Тегі басқа, әкесінің аты жоқ. Бірақ қандай қиындық болса да, тоқтаған жоқпын. Енді інімді ешқашан тастамаймын, қалған өмірін жанымда өткізсін деймін", – дейді ол.

Іздеу барысында түрлі алаяқтарға да тап болған. Бір адам өзін Аманбектің ұлымын деп таныстырып, ақша сұраған. Сондықтан туыстық байланыс құжат жүзінде мұқият тексерілген.

Оралдағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Арман Дәулетов Аманбектің денсаулығында есту және сөйлеу бойынша қиындықтар бар екенін айтады. Соған қарамастан, ол үнемі бауырлары туралы айтып жүрген.

"Қазір ол туыстарымен күн сайын хабарласып тұрады. Кездескен күні ерекше бақытты болды", – дейді орталық басшысы.

Аманбектің жақын достары да оның бала күнінен бастап туыстарымен қайта қауышуды армандағанын айтады. Қазір ол жаңа сағатын мақтанышпен көрсетіп жүр – оны бауырлары сыйлаған.

Бүгінде бауырлар тұрақты түрде телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Ал жақын уақытта туыстары Аманбекті өз үйлеріне алып кетуді жоспарлап отыр. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін табысқан отбасы енді жоғалған жылдардың орнын бірге толтыруды қалайды.

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер