Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Боханованың денесі елге жеткізіліп, Астанада жерленді. Қыздардың әкесі Мейрам Боханов олардың өліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған бірқатар ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
КТК телеарнасына сұхбат берген әкенің сөзінше, қыздарының денесін алу үшін ДНҚ сараптамасы қажет болған. Тергеу аяқталмағандықтан, бастапқыда мәйіттерді беруге рұқсат етілмеген.
"Қыздардың денесін ДНК-мен ғана алғызды. Қыздарды маған көрсеткен жоқ. "Сот әлі біткен жоқ" деді. Елшіліктің жігіттері көмектесіп, елге жеткізуге бар күшін салды", – деді Мейрам Боханов.
Ол Әмірлікке барған соң қыздарының денесі жатқан мәйітханаға барғанын және өлімге қатысты құжаттарды көргенін айтты.
Әкесінің сөзінше, әлеуметтік желіде тараған "қыздар біреудің үшінші немесе төртінші әйелі болған" деген әңгімелер де расталмаған. Сондай-ақ желіде суреті тараған ер адамның қылмысқа қатысы бар-жоғы әзірге нақты анықталмағанын жеткізді.
"Желіде шығып жатқан ақпараттың барлығы өтірік. Ешқандай пышақ қолданылмаған. Қағаздарын көрдім. Қалай өлгенін нақты білмейміз. Жүрегі тоқтаған дейді. Арнайы дәрі берілді ме, әлде басқа жағдай болды ма – ол жағы белгісіз", – деді ол.
КТК сюжетінде келтірілген мәліметке сәйкес, іс бойынша Қазақстан азаматы ұсталған. Алайда қылмыстың нақты мән-жайы мен күдіктінің кінәсі тергеу барысында анықталуы тиіс.
Марқұмдардың отбасы қыздардың атына қатысты негізсіз қауесет таратпауды сұрады. Әкесі көмек көрсеткен Қазақстан азаматтарына, елшілік қызметкерлеріне және Сыртқы істер министрлігіне алғыс білдірді.
Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елшілік арқылы, ал Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдары өз тарапынан істің мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.