Соңғы уақытта сахнадан сирек көрінетін әнші Арман Қоңырдың әлеуметтік желідегі соңғы жарияланымдары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Желі қолданушылары оның модель Айдана Рахымбаевамен бір локацияда болғанын байқап, олардың арасында қандай да бір байланыс бар-жоғын талқылай бастады, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желідегі жазбаларға назар аударған оқырмандар Арман Қоңыр мен Айдана Рахымбаеваның әртүрлі уақытта бір жерден сурет жариялағанын байқаған. Осы ұқсастық олардың бірге болғаны туралы болжамдардың тарауына себеп болды.
Пікір білдірушілердің арасында бұл жай ғана кездейсоқ сәйкестік болуы мүмкін дегендер де бар. Ал енді бір желі қолданушылары әншінің жеке өміріне қатысты түрлі нұсқаларды алға тартқан.
«Арман шетелде басқа қызбен жүр ғой. Аша екеуі ажырасып кеткен бе?», «Ашаның өзін дәлелдегісі келіп, Құрылтайға бару себебі осы екен ғой» деген пікірлер жазылған.
Сонымен қатар оқырмандар Арман Қоңыр мен Аша есімімен танымал жұптың соңғы уақытта бірге түскен суреттерін бұрынғыдай жиі жарияламайтынына назар аударған. Әлеуметтік желідегі парақшаларында ерлі-зайыптылар көбіне балаларына қатысты сәттермен бөлісіп жүр.
Дегенмен желідегі болжамдарға қарамастан, Арман Қоңыр мен Айдана Рахымбаеваның арасында қарым-қатынас бары туралы ресми ақпарат жоқ. Өнер иелері де бұл мәселеге қатысты көпшілік алдында түсініктеме берген емес.
Сондықтан желіде тарап жатқан пікірлер әзірге әлеуметтік желі қолданушыларының жеке болжамы ғана болып отыр.