Гүлбара Бишімбиеваның айтуынша, қанды оқиға болған түні оған күйеуі Қаржаубай қоңырау шалып, ұлы Шерзаттың біреумен жанжалдасқанын айтқан. Содан кейін Гүлбара екінші ұлы Нұрқанатты оятып, дүкен жаққа баруын өтінген.
«Нұрқанатты ояттық, ол көлікпен кетті. Қаржаубай қайта хабарласып, “бәрі жақсы, реттеліп жатыр” деді. Бірақ уайымдап, енеммен бірге такси ұстап, “Қамажай” дүкеніне бардық. Барсақ, 10-15 адам жиналып қалыпты, арасында екі қыз да бар екен. Сол сәтте бір қыз “делайте!” деп айқайлады», – деп еске алды ол.
Келіншектің сөзінше, жанжал Шерзаттың бетінен соққы алуынан басталып, кейін оның жауап қайтаруынан кейін ушыққан. Қарсы топ бірден жаппай шабуылға көшкен.
«Мені Абзал мен Нұрбол ұстап, жібермей қойды. “Баламды ұрмаңдаршы, мен анасымын” деп жалындым. Сонда Абзал “жабылақтама, сені де өлтіреміз” деп қорқытты. Жанымдағы екі қыздан “жедел жәрдем мен полиция шақырыңдар” деп өтіндім, бірақ олар еш әрекет етпеді», – деді Бишімбиева сотта.
Оның айтуынша, 7-8 адам Шерзатқа жабыла кеткен. Баласы шегініп барып құлаған сәтте, оның денесінен қан ағып жатқанын көріп, пышақ жарақаты алғанын аңғарған.
«Нұрқиястың қолында мылтық болды. Ол Нұрқанатты тепкілеп болған соң, Шерзатқа қайта бұрылып, басы мен желкесінен бірнеше рет ұрды. Араша түспек болғанымда, мені де ұрып жіберді», – деді марқұмның анасы.
Сотта айтылған мәліметтерге сәйкес, шабуыл жасаушылар пышақ, мылтық және шыны бөтелке сияқты қарулар қолданған. Қаржаубай Болат та соққыға жығылып, бөтелкемен ұрылып, кейін пышақ жарақатын алған.
Сот процесі әлі де жалғасуда.