KZNews.kz
Әлеумет

Ай сайын 50 мың тонна ЖЖМ «жасырын түрде» шетелге шығарылған – Скляр

Ілияс Тұрсынхан
фото: mail.kz

Бірінші вице-премьер Роман Склярдың мәлімдеуінше, 2024 жылы Қазақстаннан ай сайын 50 мың тоннаға дейін жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) көрші елдерге «қамтамасыз ету тауары» ретінде жасырын түрде шығарылып отырған. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сүйеніп берілді, деп хабарлайды kznews.kz сайты КазТАГ агенттігіне сілтеп.

«2024 жылы ЖЖМ-ға қатысты Қазақстан мен көрші елдердегі баға айырмашылығы айтарлықтай артты. Соның салдарынан заңсыз экспорт ағыны ұлғайып, ішкі нарықтағы қор көлемі 430 мың тоннаға дейін төмендеді. Ай сайынғы заңсыз тасымал көлемі 50 мың тоннаға жетіп отыр. Мұнай өнімдерінің басым бөлігі шағын мұнай өңдеу зауыттарынан шыққан», – деді Скляр Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, 2025 жылдың ақпанында Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) шағын зауытта өндірілген АИ-92 маркалы бензиннің 480 тоннасы (8 цистерна) Қырғызстанға заңсыз шығарылмақ болған әрекетті тоқтатты.

«2023–2024 жылдары шағын НПЗ-лардан барлығы 117 мың тоннаға жуық ЖЖМ шығарылған», – деп толықтырды бірінші вице-премьер.

Бұған дейін депутаттар Қазақстанда мұнай экспорты бойынша жетекші орындардың бірін иеленгенімен, ішкі нарықта жанармай тапшылығы мәселесі жүйелі сипат алып отырғанын мәлімдеген еді. Бұл тапшылықтың негізгі себептері ретінде елдегі үш ірі НПЗ-ның қуаттылығының жеткіліксіздігі, жөндеу жұмыстарының маусымдық кезеңдерге сәйкес келуі және мұнай өнімдерін импортқа тәуелділік аталды.

«Ақ жол» партиясы осы мәселелерді шешу үшін 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыттарының әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. Дегенмен, бұл зауыттар шикізатқа қол жеткізу қиындығы мен экспортқа шектеулерге тап болуда. Осыған орай олар экспортқа тыйым салуды алып тастап, қатаң бақылау орнатуды, жабдықтарды жаңғыртуға мемлекеттік қолдау көрсетуді және шағын НПЗ-ларды мұнай өңдеу саласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына енгізуді ұсынды.

Ілияс Тұрсынхан
Автордың басқа материалдары