Жұрт арасында "автоцон" аталып кеткен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының арнаулы бөлімшелері заңсыздық пен жемқорлықтың ұясына айналып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның дәлелі ретінде кейінгі бірер ай шамасында аталған мекеменің айналасындағы шуды айтуға болады. Мысалы, Шымкент қаласындағы арнаулы бөлімшелерде 500 адамға заңсыз жүргізуші куәлігі берілгені анықталған. Мұнда ХҚКО қызметкерлері куәліктерді 150–400 мың теңгеден сатылғаны белгілі болды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың табысы 150 млн теңгеден асқан көрінеді. Тергеу кезінде күдіктілердің 200 млн теңгеден астам мүлкіне тыйым салыныпты.
Ал күні кеше Талдықорған қаласындағы "автоцонның" қызметкерлері 1385 жүк көлігін заңсыз тіркегені үшін айыпты деп танылды. Әбден еркінсіген олар ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізіп, мемлекетке 9 млрд теңге шығын келтірген.
Осыған ұқсас қылмыс ізі Қызылорда облысынан да байқалды. Бұл жақта да елуден аса адамға заңсыз жүргізуші куәлігі рәсімделген екен. Мәлім болғандай, қызылордалықтар әр куәлікті 200–400 мың теңгеге сатып алған.
Айтпақшы, дәл осы ХҚКО арнаулы бөлімшесіндегі қылмысқа сол мекемеде күзетші болып жұмыс істеген адам кінәлі деп танылып, сотталған көрінеді. Ал "автоцонның" басшы мен басқа да жауапты мамандар бұл қылмыстық әрекеттен хабарсыз екендерін айтып, ақталған-мыс...
Жалпы, ел ішінде жүргізуші куәлігін "сатып алу" төңірегінде сөз көп. Бұған дейін көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін саудалауға қатысты шу жиі шығатын. Жақында ол қызметті ашық түрде саудаға шығарғаннан кейін жағдай өзгере бастаған сыңайлы.
Қалай болғанда да жоғарыда аталған бірнеше ХҚКО арнаулы бөлімшелеріндегі жағдай тұтас мемлекеттік корпорациясындағы жүйелік жемқорлықтың бар екенін көрсетіп отыр.