KZNews.kz
Қоғам

Автобуста орын бермегені үшін қыздың шашын жұлып, бетінен тырнаған

Дархан Тоқан
Фото: Бейнежазбадан кескін / Kznews коллажы

Атыраудағы №51 бағыттағы автобуста орынға байланысты дау шығып, соңы студент қыздың соққы алуымен аяқталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода орта жастағы әйелдің бойжеткеннің шашынан тартып, бетіне тырнаған сәті анық байқалады. Жәбірленушінің айтуынша, жанжал аялдамадан мінген әйелдің басқа жолаушыға орын босатуды талап етуінен басталған. Ол өзін агрессивті ұстағанын, автобустың ішіне кіргеннен бастап айқайлап, айналасындағылардың бәріне дүрсе қоя сөйлескенін жеткізді.

Студент қыздың сөзінше, әйел қасындағы бейтаныс ер адамға орын беруді сұраған. Бойжеткен орнынан тұруға ыңғайланғанымен, әлгі ер адам «келесі аялдамадан түсемін» деп, отыра беруін өтінген. Дәл сол кезде әйел еш себепсіз басынан ұрып, кейін дөрекі сөз айтып, шашынан жұлқылап, бетін тырнағанын айтқан.

Куәгерлер автобустың лық толы болғанын, сол себепті жолаушылардың араша түсуі қиынға соққанын алға тартады. Адам көп болғандықтан екі жақты бірден ажырата алмай, сол аралықта бойжеткен бірнеше рет соққы алғаны айтылады. Оқиға қоғамдық көліктегі тәртіп мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.

Жанжалдан кейін студент қыз полицияға арызданған. Алайда оның айтуынша, арада жарты күн өтсе де, күдікті әйелдің кім екені анықталмай, табылмаған. Құқық қорғау органдарының нақты қандай шара қабылдағаны әзірге ресми түрде хабарланбады.

Оқиғаға қатысты желі қолданушылары қоғамдық көлікте өзара сыйластық сақталуы тиіс екенін жазып, мұндай әрекетке заң аясында қатаң жауапкершілік қарастырылуы керек деген пікір білдірді. Кейбірі «үлкенге құрмет» ұғымын желеу етіп, бөтен адамға қол көтеруді ақтау қауіпті екенін айтып, кінәлі адамның жазасыз қалмауын талап етті. Көпшілік істің әділ қаралуын сұрап, тергеуді мұқият жүргізуге шақырып отыр.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары