Атырау қаласындағы №157/9 ерлер түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтың қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 22 наурыз күні болған. Қазіргі уақытта тиісті органдар оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп, барлық мән-жайды анықтауда.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, түзеу мекемесінде сотталушылар арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Соның барысында қатысушылардың бірі қарсыласына ауыр дене жарақатын келтірген. Алған жарақаттарының салдарынан зардап шеккен азамат оқиға орнында көз жұмған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге қатысушылардың жеке басына қатысты мәліметтер жарияланбай отыр.
Сонымен қатар түзеу мекемесіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен қызметкерлердің әрекеттеріне қатысты да тексеру жүргізілуде. Тергеу нәтижесіне сәйкес кінәлі тұлғаларға құқықтық баға берілмек.