Алматыда Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қорлағаны үшін күдікке ілінген 52 жастағы Виолетта Паршинаға іздеу жарияланды. Қазір ол құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүр, деп хабарлайды kznews.kz.
Жанжал биыл сәуірде Threads желісінде басталған. Паршина Желтоқсан көтерілісіне қатысты жазбалардың астына пікір қалдырып, қатысушыларды «маскүнем», «ақымақ» және «ауылдың мәңгүрттері» деп атаған. Оның қазақ халқына қатысты өзге де қорлайтын жазбалары көпшіліктің наразылығын тудырған.
Осыдан кейін азаматтар полицияға шағым түсіріп, әйелдің жауапқа тартылуын талап еткен. Кейін тәртіп сақшылары оның жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізген. Ал өзі жұмыс істеген жарнама агенттігі оның көзқарастарымен келіспейтінін мәлімдеп, еңбек шартын бұзған.
Қазіргі уақытта Паршинаға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалған. Бұл бап әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруды қамтиды. Аталған құқық бұзушылық үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.